18.08.2025
Оман делегациясы Президент Архивіне келді
Қазақстан Республикасы Президенті Архиві халықаралық ынтымақтастықтың жаңа белестеріне қадам басты. 2025 жылғы 18 тамызда мекемеге Халықаралық кітапханалар қауымдастықтары мен мекемелері федерациясының (IFLA) Таяу Шығыс және Солтүстік Африка өңірлік бөлімшесінің төрағасы, Сұлтан Кабус университетінің экономика және саясаттану факультеті кітапханасының директоры Саиф Абдулла Хамуд әл-Жабри келді.
Делегацияны Президент Архивінің директоры Әлия Мұстафина қарсы алып, оларды зертхананың, оқу және көрме залдарының жұмысымен таныстырды. Кездесу барысында тараптар тәжірибе алмасу, кәсіби ынтымақтастықты нығайту және өзара әріптестікті дамыту мәселелерін талқылады. Әсіресе, 2026 жылы Астанада өтетін Архившілердің халықаралық конгресі аясындағы ынтымақтастыққа ерекше көңіл бөлінді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Архивке Халықаралық архивтер кеңесінің (ICA) президенті Жозе Кирпс пен Біріккен Араб Әмірліктерінің Ұлттық кітапханасы мен архивтерінің бас директоры Аса мәртебелі Абдулла Маджид Әл-Әли ресми сапармен болған еді.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві - әлемдік архив саласындағы белсенді ұйымдардың бірі. Мекеме халықаралық конгрестер мен семинарларға тұрақты түрде қатысып, өзінің алаңында жас архившілердің біліктілігін арттыруға, кәсіби ынтымақтастықты нығайтуға және тәжірибе алмасуға бағытталған түрлі іс-шараларды өткізіп келеді.