15.08.2025

Халықаралық архивтер кеңесінің басшысы Президент Архивіне келді

Астанаға жұмыс сапарымен Халықаралық архивтер кеңесінің (ICA) президенті Жозе Кирпс келді. Сапардың негізгі мақсаты – еліміздің саяси тарихының құжаттарын сақтайтын және әлемдік архивтік қауымдастықтың белсенді мүшесіне айналған Қазақстан Республикасы Президентінің Архивімен танысу.

Кездесуді Архив директоры Әлия Мұстафина ашып, бұл сапардың халықаралық ынтымақтастықты дамытудағы маңыздылығын атап өтті.

“Халықаралық архивтер кеңесінің 149 ел мен аумақта орналасқан 2000-нан аса мүшесі бар. Біздің мекеме 2023 жылғы ақпаннан бастап ХАК-тың мүшесі болып табылады. Бұл Жози Кирпс ханымның Қазақстанға алғашқы сапары және біздің қызметімізбен, әріптестерімізбен танысу мақсатында Президент Архивіне арнайы келіп отыр. ХАК президенті ретінде Қазақстан архившілерінің Конгресін өткізуді қолдап, сенім білдірдіңіз. ХАК бұл форумға 2022 және 2024 жылдары тең ұйымдастырушы ретінде қатысты. Біз бұл әріптестікті жоғары бағалаймыз. Сонымен қатар Президент Архивіне бөлген көңіліңізге ризашылығымызды білдіреміз”, – деді Әлия Мұстафина.

Кездесуде Жозе Кирпс елімізге алғаш келгенін, Астана қаласының заманауи келбеті көркем екенін айтты. Сонымен бірге жаңа Архив ғимаратының сәулетіне таңданғанын жеткізді. Мекеменің заманауи, халықаралық стандарттарға сай құрал-жабдықтармен жабдықталғанын ерекше атап өтті. Оның сөзінше, бұл сапар мен үшін маңызды тәжірибе болды. Себебі қазір Люксембургте Ұлттық архивтің жаңа ғимаратының құрылысы жоспарланып жатқанын және осы орайда Қазақстандағы архив мекемесінің жобалану және жабдықталу тәжірибесімен танысу пайдалы болғанын жеткізді.

Сондай-ақ Жозе Кирпс шағын мемлекеттер үшін халықаралық әріптестіктің ерекше маңызды екенін айтып, өзі жетекшілік ететін Люксембург Ұлттық архивінің де халықаралық байланысқа айрықша мән беретінін жеткізді.

"Біз үшін халықаралық ынтымақтастықтың маңызы зор. Ол заманауи әдістерге жол ашып қана қоймай, маңызды мәселелерді бірлесе шешуге мүмкіндік береді. Архивтердің ұстанымдары әртүрлі болуы мүмкін, алайда барлығымызды ортақ мақсат саналатын архив саласын дамыту мен кәсіби қауымдастықты нығайту біріктіреді. Осы тұрғыдан алғанда, Халықаралық архивтер кеңесі (ICA) – архивтер арасындағы алтын көпір. Ұйым түрлі елдердің мәдениеті мен тәжірибесін, идеяларын ортақ болашақ үшін ұштастырады. Ынтымақтастық арқылы біз ортақ тарих қалыптастырамыз", – деп атап өтті ХАК президенті Жозе Кирпс.


Жозе Кирпс сала болашағына қатысты өз көзқарасымен бөлісе келе, жасанды интеллектті (ЖИ) енгізу мәселесін де қозғады. Оның айтуынша, жақын болашақта жасанды интеллект архив ісінің барлық салаларында кеңінен қолданылады. Алайда оны сауатты әрі бақылау шараларын сақтай отырып пайдалану аса маңызды.

Осы ретте ол Люксембургтің Ұлттық архиві жүзеге асырып жатқан бірқатар жобаларды мысалға келтірді. Солардың бірі – парламент құжаттарын өңдеуге арналған бастама. Жасанды интеллект алгоритмдері құжаттардағы құпия ақпаратты (мысалы, жеке деректерді) автоматты түрде анықтап, оларды жасырып, сонымен қатар қалған бөлігін пайдаланушыларға қолжетімді етіп ұсынады.

Тағы бір жоба – ортағасырлық латын тіліндегі құжаттарды француз тіліне транскрипциялау. Алғашқы кезеңде жүйе көптеген қателіктерге жол бергенімен, уақыт өте келе дәлдік деңгейі 90 пайызға дейін жетіп, бүгінде бұл технология табысты қолданысқа ие болып отыр.

Кездесу барысында Архивтің жас мамандары ХАК президентіне өз сауалдарын қойып, саладағы жаһандық үрдістер жөнінде пікір алмасты. Жозе Кирпс ХАК қолға алып отырған маңызды жобалардың бірі архив қызметкерлеріне арналған оқыту бағдарламалары екенін атап өтті. Бұл бағдарламалар біліктілігін арттырып, кәсіби білімін тереңдете түскісі келетін мамандар үшін қолжетімді. Оның айтуынша, ХАК әрдайым бірлесіп дамуға дайын.

Кездесу соңында Жозе Кирпс Қазақстандық әріптестерге жылы қабақ танытып, қонақжайлық білдіргені үшін алғысын жеткізді. Сонымен бірге екіжақты ынтымақтастықтың алдағы уақытта да жалғасып, өзара тиімді боларына сенім білдірді.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві жаһандық архивтік желінің бір бөлігі болып табылады және ЮНЕСКО, БҰҰ, Халықаралық архивтер кеңесі сынды ұйымдармен тығыз ынтымақтастық орнатқан. 2022 жылдан бастап тараптар бірқатар бірлескен жобаларды жүзеге асырып келеді. ХАК-тың қолдауымен елімізде екі мәрте архившілер конгресі өтті, ал 2023 жылы қазақстандық мамандар ХАК-тың Абу-Дабиде өткен ірі халықаралық конгресіне қатысты.