19.08.2025

Қазақстан мен БАӘ-нің архившілері ынтымақтастықты нығайтуда

Бүгін, 19 тамыз күні Астанада Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры Әлия Мұстафина Біріккен Араб Әмірліктерінің Ұлттық кітапханасы мен архивтерінің бас директоры Аса мәртебелі Абдулла Маджид Әл-Әлимен кездесу өткізді. Тараптар архив саласын дамыту және ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.

Кездесу барысында Әлия Мұстафина шетелдік әріптестерге жаңа ғимаратты таныстырып, мекеменің қызметі мен халықаралық байланыстары туралы баяндады. БАӘ делегациясы Архив ғимаратының архитектуралық шешіміне, әсіресе құжаттарды қалпына келтіру зертханалары мен заманауи жабдықталған сақтау орындарына қызығушылық танытты.

Өз кезегінде Аса мәртебелі Абдулла Маджид Әл-Әли архив ісі саласындағы жас мамандарды даярлау бағдарламасы жөнінде айтып өтті. Аталған бағдарлама Абу-Дабидегі Сорбонна университетімен бірлесіп жүзеге асып келеді. Кездесу барысында қос тарап архившілердің біліктілігін арттыру, тәжірибе алмасу және бірлескен тағылымдамалар өткізу мәселелерін қарастырды.

Сонымен қатар, кездесуде архивтік құжаттар мен ғылыми жарияланымдарды бірлесіп басып шығару мәселесі де көтерілді. Бұл бастама Қазақстан мен БАӘ арасындағы мәдени әрі ғылыми байланыстарды тереңдетуге жол ашады деп сенім білдірді.

Айта кетейік, 2023 жылы қол қойылған ынтымақтастық туралы меморандум аясында бірқатар маңызды іс-шаралар жүзеге асырылды. Мәселен, сол жылы БАӘ делегациясы Алматыдағы жазғы мектепке қатысса, Қазақстан делегациясы Абу-Дабидегі халықаралық конгреске барды.

Іс-шара соңында қонақтар әріптестікті одан әрі нығайтуға ниетті екендерін білдірді. 2026 жылдың күзінде Қазақстан Президенті Архивінің бастамасымен Астанада өтетін Халықаралық архившілердің конгресіне қатысуға ниетті екендіктерін жеткізді.