04.07.2023

Қытай сапары

2023 жылдың 27 маусым мен 30 маусым аралығында Президент Архивінің делегациясы Қытай Халық Републикасына қызметтік іс-сапармен барды. Делегация құрамында Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры Ә.Қ. Мұстафина, Архив қорын қалыптастыру қызметінің басшысы Ә.С. Несіпбаев, Архивтің баспасөз қызметінің басшысы Ж.А. Сатаева болды. 27 маусымда Қытай Халық Республикасының мемлекеттік архив басқармасының (әрі қарай - МАБ) бастығы Лу Гоцянмен кездесу өтті. Қазақстан Республикасының делегациясына Қытай архив мекемелерімен танысу үшін арнайы бағдарлама жасалған. Бірінші тарихи архив, Екінші тарихи архив және Пекин муниципиалды архивіне бару жоспарланған. Қытай Халық Республикасының МАБ бастығымен кездесу барысында қазақстандық және қытайлық архивтердің кәсіби қауымдастығының екі жақты әріптестігі талқыланды. Қытай Халық Республикасының МАБ бастығы Лу Гоцян Қытай архивтеріне Қазақстан делегациясы соңғы бірнеше жылда алғашқы рет келгенін атап өтті. ҚР Президенті Архивінің директоры Ә.Қ. Мұстафина өз сөзінде: «Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің бастамасымен қолға алынған «Бір белдеу, бір жол» Халықаралық жобасына 10 жыл толғанын атап өтті. Жоба алғаш рет Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстан Республикасына ресми сапары кезінде таныстырылған еді. Бұл сапар туралы ақпарат Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің қітапханада сақтаулы тұр. 2022 жылы Президент Архивінің 2035 жылға дейінгі дамыту тұжырымдамасы бекітілді. Оған сәйкес Архивтің архивтік ақпаратты сақтау, жинақтау және пайдаланудың дәстүрлі бағыттарынан бастап Архивті жетекші ғылыми, әдістемелік және білім беру орталығы ретінде қалыптастыруға дейін толық ауқымды қайта құруды бастады. Тұжырымдамаға сәйкес 2022 жылы Халықаралық Архивтер кеңесінің мұрындық болуымен «Ашық қоғамға – ашық Архив» атты I халықаралық архившілер Конгресін ұйымдастырды. Конгресске 15 мемлекеттің өкілдері, оның ішінде ҚХР архивистері де қатысты», - деп атап өтті. ҚР Президенті Архивінің директоры Ә.Қ. Мұстафина форумның ашылуында қатысушыларға арнаған жолдауы үшін Қытай Халық Республикасының МАБ бастығы Лу Гоцян мырзаға өзінің алғысын білдірді. Қазақстан делегациясы мемлекеттік архив басқармасының бастығы Лу Гоцян мен Бірінші тарихи архив директорының орынбасарымен Бірінші тарихи архив ғимаратын аралады. Экскурсия барысында зерттеушілерге арналған залдар мен көрме кешені (бірнеше көрме залы) көрсетілді. Архивтің барлық бөлмесінде заманауи IT-технологиялар қолданылған, үлкен форматтағы экрандар арнайы бағдарламалармен жабдықталған, анықтамалықтар, нұсқаулықтар және т.б. көруге болады. Зеттеушілерге цифрландырылған құжаттармен жұмыс істеуге мүмкіндік берілген. Құжаттардың көшірмелері мен түпнұсқалары пайдалауға сирек берілетіні айтылды.

Зерттеу залдарының бірінде қазақстандық архившілерге XIX ғасырдағы қазақ-қытай сауда қатынастары жөніндегі құжаттардың, оның ішінде маньчжур тілінде жазылған дәрі-дәрмектерді жеткізу туралы құжаттардың көшірмелері көрсетілді. Тұрақты көрмелерде Қытайдың Мин, Цин династияларының қазіргі заманға дейінгі негізгі тарихи оқиғалары көрсетілген. Оның ішінде Бейжіңдегі жазғы (2008) және қысқы (2022) олимпиадаларын баяндайтын архивтік құжаттардың бар. Көрмелерде тек архивтік құжаттардың көшірмелері қолданылады. Архивтегі экскурсия барысында Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры Ә. Қ. Мұстафина ҚХР архившілеріне жұмыста табыс тілеп, құрметті қонақтар кітабына жазба қалдырды. 28 маусым күні қазақстандық делегация Бейжіңнің муниципалдық Архивіне барды. Бейжің Архивінің директоры Чен Лорен аталмыш архив ҚХР-дағы ең ірі аймақтық архивтердің бірі екенін атап өтті. Қазіргі уақытта архивте 2,6 миллионнан астам іс сақтаулы. Оның ішінде Мин және Цин әулеттерінің, республикалық Қытай Үкіметтерінің және революциялық тарих архивтерінің құжаттары, ҚХР құрылғаннан кейін жасалған құжаттар, Бейжің муниципалдық комитеті, муниципалдық органдар, қоғамдық бірлестіктер, коммерциялық кәсіпорындар, мәдени мекемелер, 3-ші Бейжің халық санағы, Азия ойындары, Универсиада және Бейжіңнің жазғы және қысқы Олимпиада ойындарын өткізуге өтінімі және т. б. құжаттар бар. Қытайлық әріптестер құжаттарды цифрландыру, реставрациялау және сақтау процесстерін қарап шығуға мүмкіндік берді. Архивте негізінен Қытайда жасалған жабдықтар пайдаланады. Бейжің Архиві 2019 жылы жаңа ғимаратқа көшкен. Мұнда көрме қызметіне үлкен алаңдар бөлінген. Мультимедиялық жүйелері бар заманауи мұражай жабдықтары да қолданылады. Мысалы, цифрланған құжатты егжей-тегжейлі қарау үшін бірнеше рет үлкейтуге болады. 29 маусымда делегация Нанкин қаласында орналасқан Қытайдың Екінші тарихи архивіне барды. Онда 1912 жылдан 1949 жылға дейінгі архивтік құжаттар сақталған. Қытайдың Екінші тарихи архивіне бару Архивтің ғимараттары кешеніне экскурсиядан басталды. Архив директоры Инь Ли алғашқы ғимарат 1936 жылы салынғанын, кейін өткен ғасырдың 80-ші жылдары және 2007 жылы толықтырылғанын жеткізді. Ал 2021 жылы Екінші тарихи архивтің жаңа ғимаратының құрылысы басталған екен. Қазақстандық делегация үшін екі экскурсия ұйымдастырылды. Бірінші экскурсия барысында құжаттарды цифрландыру және қалпына келтіру процестері, Архив қауіпсіздігінің бағдарламалық-аппараттық кешені көрсетілді. Онда нақты уақыт режимінде сақтаудың негізі (температура мен ылғалдылық) мен архив жұмысын толықтай бақылайды. Қазақстандық архившілерге жаңа Архив ғимараты көрсетілді. Ғимараттың негізгі құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталған. Қазір өндірістік жабдықтарды бөлу жұмыстары жүргізілуде. Мұнда мәжіліс залы мен 250 орындық акт залы жабдықталған. Архив қауіпсіздігінің бағдарламалық-аппараттық кешені қолданысқа енгізілді. Сапар барысында қытайлық әріптестер өз жұмыстары жайлы толық айтып, көрсетуге тырысты. Фотосурет пен видеоға түсіруге рұқсат берді. Кездесулерде Қазақстан мен Қытай арасындағы Архив саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Тараптар бірлескен ғылыми-зерттеу және білім беру архивтік жобаларын жүзеге асыруды нақтылады.