14.06.2022

РЕСЕЙЛІК ҒАЛЫМДАРМЕН КЕЗДЕСУ

Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде «Архив және қоғам» циклі аясында қоғам қайраткерлерімен, зиялы қауым өкілдерімен, зерттеуші ғалымдармен және тарихшы ғалымдармен кездесулер өтіп жатыр. 2022 жылдың 14 маусымында Архивте ресейлік жетекші тарихшылар, Ресей ғылым академиясының Сібір бөлімшесі Тарих институтының ғалымдары қонақта болды. Бұл делегацияны Институт директоры т.ғ.д. Вадим Рынков бастап келді. Архивке арнайы ат басын бұрған меймандардың мақсаты – екі ел арасындағы тарихи архвитік құжаттарды зерттеу бойынша әріптестік орнату. Қонақтарды Президент Архивінің жұмыс барысымен таныстырған Архив директоры Әлия Мұстафина бүгінгі таңда Архивте тарихи-зерттеу жобаларына аса мән берілген, солардың негізінде жинақ кітаптар шығаруға маңызды ден қойылып отыр. Сонымен қатар, осы күнге дейінгі ресейлік әріптестермен бірлесе ұйымдастырып жатқан жобаларға оң бағасын беріп, жауапты еңбектері үшін алғысын білдірді. Ол өз сөзінде, бірлескен жобаның бірегейі 2017 жылдан бастап Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетімен бірлесіп өткізіп келе жатқан жас архившілердің V Жазғы мектебінің жұмысы ертең басталатынынан хабардар етті. Сондай-ақ, бұл форумға бірнеше елдің архившілерімен қатар Ресейдің жас архившілері мен дәріскерлері қатысатынын айтап өтті. Кездесу барысында ҚР Президенті Архивінің директоры Әлия Мұстафина ғалымдар делегациясына Архивтің басып шығарған жинақ кітаптарын сыйлыққа табыс етті.

Ресей ғылым академиясының Сібір бөлімшесі Тарих институтының директоры Вадим Рынков мекеме құрамы туралы айтып берді. Институтта академик Н.Н.Покровский негізін қалаған Археография және деректану бойынша ғылыми мектеп жемісті жұмыс істейді. Оның құрамы тарихшылар мен филологтардан құралған. Бұл мектептің ерекшелігі – жаңа дереккөздерді іздеп тауып, оларды жариялауға, жан-жақты түсініктемелер дайындауға мол мүмкіндік береді. Іздеп тапқан түсініктемелер кейде құжаттың мәтінінің өзінен асып түседі, мұндайда тарихи, филологиялық және этнографиялық әдістерді қолдана отырып зерттеулерді дамытатынын және осы тектес басылымдар бір жылдан астам уақыт дайындалатынын баяндап берді.
Ресейлік ғалымдар Архивтің ұжымымен архив ісі бойынша тәжірибе алмасып, мазмұнды пікірлер айтты. Кездесу барысында қонақтар архивтік құжаттарды цифрлау қызметімен, архивтің жалпы жұмыс барысымен және кітапхананың тыныс-тіршілігімен танысты. Сондай-ақ, тарихшылар мен архившілердің кәсіби тұрғыдағы мәселелері талқыланды.
Мамандардың мұндай кәсіби байланыстарын дамыту жөніндегі кездесулері екі ел арасындағы сенім мен әріптестіктің нығайуына себепкер болады.