09.12.2022

Кәсиби архивші даярлаудың меселесі талқыланды

2022 жылғы 9 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде «Цифрлық дәуірде архившілер мен құжаттанушыларды кәсіби даярлаудың өзекті мәселелері» атты семинар-талқылау болып өтті. Іс-шараға орталық, қалалық және облыстық архив мекемелерінің басшылары мен өкілдері, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті мен Қазақстан-Американдық еркін университетінің және Алматы көпсалалы колледжінің басшылары, оқытушы-профессорлық құрамы мен студенттері қатысты. Шараны Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің Оқу-әдістемелік орталығының басшысы М.Т. Жылгелдинов жүргізді. Архив саласындағы өз шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелердің бірі – кадр мәселесі, яғни кәсіби білікті архившілерді дайындау мәселесі. Еліміздегі жүзден астам жоғарғы оқу орындарының тек екеуінде ғана архивші мамандарды дайындау жүзеге асырылады: оның бірі – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті болса, екіншісі – Қазақстан-Американдық еркін университеті (Өскемен қ.). Бұдан бөлек бірқатар орта арнаулы білім беру мекемелерінде (колледж) архивші және іс жүргізу мамандарын дайындау жүргізіледі. Елімізде 223 мемлекеттік архив мекемелері, одан бөлек бірқатар жеке архивтердің бар екенін ескерсек, оларды білікті кадрлармен қамтамасыз ету мәселесінің әлі де өзекті екеніне көз жеткізуге болады.

Семинар барысында осы бағыттар төңірегінде ҚР Президент Архивінің Оқу-әдістемелік орталығының сарапшысы Г.Б. Нұрғожина, «Қазақстанның жоғары оқу орындарындағы архивтану және құжаттану мамандығы бойынша диплом жұмыстарының негізгі бағыттары»; әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Архивтану және құжаттану» бағыты бойынша білім беру бағдарламасының үйлестірушісі, т.ғ.к., доценті Н.К. Алпысбаева, «Қазіргі кезеңдегі архивші-құжаттанушы мамандарды даярлау мәселелері»; әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың дүниежүзі тарихы тарихнама және деректану кафедрасының профессоры, доценті, А.С. Ысқақ «Архивші жастардың келешекке көзқарасы»; Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архиві директорының орынбасары И.А. Ибраева «Развитие Северо-Казахстанского государственного архива: роль кадров в совершенствовании архивной деятельности»; Қазақстан-Американдық еркін университетінің «Құқық және халықаралық қатынастар» кафедрасының доценті, т.ғ.к. Л.П. Турова «Особенности подготовки специалистов по архивоведению в Казахстанско-Американском свободном университете»; ҚР Орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама архивінің біліктілігі жоғары деңгейдегі маман-архившісі Ә.А. Тұрсыналиева «Особенности подготовки специалистов по работе с научно-техническими документациями»; Алматы көпсалалы колледжінің арнайы пән оқытушысы, педагог-зерттеуші Г.С. Жұмақова «Білікті маман даярлаудағы колледж бен архивтердің ынтымақтастығы» тақырыптарында баяндамалар жасады.

Шараның кең ауқымды тақырыбы мен қызу талқылауы қатысушылардың да маңызды пікірлер қосуына жол ашты. Архив ісін кең көлемді, танымал салаға айналдырудың тетіктері технология дамыған ақпараттық ғасырда көп қиындық тудырмайды дейді семинарға қатысушылар. Ең бастысы архивтерде транспоренттік орта құрып, кәсіби архивтік қызметі жетілдіру арқылы және халықаралық архивтік қауымдастықтардың келіссөз алаңдарына қатысып, кибер кеңістігімізді мықтылау арқылы архивті жаңа деңгейге шығаруға болады деп пайымдады. Осы орайда архивтану бойынша білім алатын студенттерді кәсіптік бағдарлау бағытында ҚР Президенті Архиві тарапынан бірқатар шаралар жүзеге асырылуда. Архивте әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Архив ісі және құжаттану оқу-өндірістік кафедрасы ашылып, онда білім алушылар үшін тәжірибелік сабақтар ұйымдастырылуда; бірқатар жоғарғы оқу орындарының студенттері жыл сайын Архивте өндірістік тәжірибеден өтеді; оқу залында студенттер мен магистранттар, докторанттар өздерінің дипломдық, диссертациялық жұмыстарына архив құжаттары бойынша зерттеулер жүргізеді. Сонымен қатар, студенттер Архив тарапынан ұйымдастырылатын шараларға, тарихи-құжаттық көрмелерге, дөңгелек үстелдерге, белгілі ғалымдар, тарихшылармен кездесулерге қатысады. Мұның бәрі болашақ білікті архившінің азығы деп білеміз.  Болашақта архивші мамандығы өзекті бола ма, архив мамандығы қаншалықты сұранысқа ие болады, архив ісін оқытуға керек пе? Семинар қатысушыларының жауабы біреу:  расында да, біздің мамандыққа адамдар жан қалауымен келеді. Дәл осы құжаттық деректерге негізделген отандық тарихты білу – бізді ұлт ретінде, тек өз елінің азаматтары және Қазақстанның нағыз патриоттары ретінде қалыптастырады деп сенім білдірді.