03.11.2022

Қазақстан мен шет мемлекеттер арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығына арналған дөңгелек үстел өтті*

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті кітапханасында Қазақстан мен шет мемлекеттер арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына арналған «Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі: тарихи мұра және қазіргі заман» атты халықаралық ғылыми дөңгелек үстел отырысы өтті.
Іс-шараны Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті кітапханасымен бірлесіп ұйымдастырды.
Дөңгелек үстел отырысының жұмысына Қазақстан дипломатиялық қызметі қалыптасуының бастауында тұрған белгілі мемлекет қайраткерлері, республикада тіркелген шетелдік дипломатиялық өкілдіктер мен миссиялардың басшылары, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің өкілдері, халықаралық сарапшылар, еліміздегі жетекші жоғары оқу орындарының мамандандырылған факультеттерінің студенттері, магистранттары мен докторанттары қатысты.
Іс-шара барысында тарихи динамикадағы қазақ дипломатиясының негізгі кезеңдері талқыланды.
«Қазақстандық дипломатиялық қызметі қазіргі заманның ең күрделі де ауқымды міндеттерін шешуге қабілетті. Тәуелсіздік алғаннан бері халықаралық аренада жинақтаған 30 жылдық көпвекторлы сыртқы саясаттың мол тәжірибесі тек біздің еліміз үшін ғана емес, әлемдік қоғамдастық үшін де үлкен практикалық маңызға ие деп сеніммен айтуға болады. Қазақстандық дипломатиясының бастауында тұрған, еліміздің сыртқы саясат ведомствосын ұзақ жылдар бойы басқарған Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев дипломатиялық қызметінің 30 жылдығына орай айтқан сөзінде бұл мерейтойлық дата халқымыздың Жаңа Қазақстанды құра бастаған бетбұрыс кезеңімен тұспа-тұс келгенін атап өтті. Қазақстанның алдында ұлттық экономиканы деолигополиясыздандыру, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы негізінде саяси жүйені демократияландыру, азаматтар мен азаматтық қоғамның мемлекеттік басқару процесіне қатысуын түбегейлі кеңейту бойынша ауқымды міндеттер тұр. Сонымен бірге, бұл реформалардың табысты болуы, халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай, сыртқы саясаттың тиімділігімен тығыз байланысты», - деді Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті кітапханасының директоры Бакытжан Темірболат.
Қазақстан Республикасы Президент Архивінің директоры Әлия Мұстафина өз сөзінде: «Мұрағат қорының жеке блогы Қазақстанның сыртқы саясатына арналған құжаттардан тұрады. Біріншіден, бұл Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен еліміздің дипломатиялық өкілдіктерінің құжаттары болса, екіншіден, сыртқы саясатты дамытуға бүкіл өмірін арнаған мемлекет қайраткерлерінің жеке қорлары да ерекше құндылыққа ие. Бүгінгі көрмеде республиканың сыртқы саяси ведомствоның қалыптасу және даму тарихын көрсететін ҚР Президенті Архивінің жәдігерлері қойылған».
«Қазақстандық дипломатиясының көп ғасырлық тарихы бар. Қазіргі халықаралық тұрақсыздық жағдайында біздің мемлекет қалыпты теңгерімді және көпвекторлы сыртқы саясатты ұстанып отыр. Бүгінде Қазақстан әлемде тұрақтылық генераторы, мемлекеттік құрылыстың серпінді және өркендеген үлгісі ретінде қабылданады. Біздің еліміз ядролық қарусыздану саласындағы мойындалған көшбасшыға айналды. Біз қазіргі заманның аймақтық және жаһандық мәселелерін шешуге тең дәрежеде қатысып, үлес қосудамыз», - деді Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаров.
Өз кезегінде Қазақстан Республикасының бірінші Сыртқы істер министрі Төлеутай Сүлейменов ойымен бөлісті: «Тәуелсіздік таңы атқан шақта Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің жұмысын ұйымдастыру өте қиын болды. Республикамыздың шетелде танылуына қол жеткізу бірінші кезектегі міндет болды. 1992 жылдың қазанында Қазақстанның егемендігін 61 мемлекет мойындады, алғашқы кезеңде әлемнің 50-ден астам елімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатылды. Бұл еліміздің сыртқы саясатының дамуының негізгі векторын анықтаудың қызу кезі еді».

«1991 жылы 31 желтоқсанда Қазақстан БҰҰ-ға кіруге өтініш берді, бұл жас тәуелсіз мемлекет басшылығының еліміздің қалыптасуы мен халықаралық қауымдастыққа одан әрі енуі үшін бұл жаһандық ұйымның аса маңыздылығын түсінгенінің дәлелі. Сол жылдың 2 наурызында БҰҰ Бас Ассамблеясының 46-сессиясында жаңа егеменді мемлекетіміз мүше болып бірауыздан қабылданды. Қазақстан БҰҰ-мен 30 жылдан астам жемісті ынтымақтастық етіп, дәйекті сыртқы саясатының арқасында Дүниежүзілік ұйымның беделді мүшесі, әрі қауіпсіз бен орнықты әлемді қамтамасыз ету бойынша халықаралық аренадағы жауапты серіктесіне айналды», - атап өтті «БҰҰ-әйелдер» бағдарламаның Ұлттық үйлестіруші Мәдина Жарбосынова.
«Алпауыт мемлекеттердің арасында орналасқан Қазақстан қазіргі таңда басқалармен терезесі тең саясатын жүргізіп отырған, дүниежүзіндегі негізгі халықаралық ұйымдарына мүше болып, оларды басқаратын кәсіпқой тәжірибелі дипломаттары қалыптасқан әлемдегі жауапкершілігі мол сенімді мемлекет деген өзіне лайық атқа ие болды. Қазақстан Республикасы өткен 30 жыл ішінде әлемнің 180-ге жуық елдермен дипломатиялық қатынастар орнатты. Солардың ішінде Қытай Халық Республикасының алатын орны ерекше. Өйткені қазақ-қытай қатынастары тату көршілік, өзара сенім және тиімділік рухында дамып, Қазақстанның және Қытайдың дипломатиясында бұрын-сонды болмаған теңдесі жоқ мәңгілік жан-жақты стратегиялық деңгейіне көтерілді», - деді Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Шахрат Нұрышев.
Түркітілдес мемлекеттер ұйымының Бас хатшысы Бағдат Әмреев те өз пікірін білдірді: «Соңғы үш онжылдықтарда қазақстандық дипломатиясы Қазақстан елінің ең маңызды жетістіктерінің бірі ретінде танылды. Ол мемлекеттің саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени дамуына, сондай-ақ елімізді Еуразия кеңістіктің ең маңызды субъектілердің біріне айналуға елеулі үлесін қосты. Республикамыз Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесті құру туралы тарихи ұсынысын жасау арқылы Азия құрлығын сенім мен тұрақтылық континентіне айналдыру жолындағы үлкен қадам жасады».
«Еліміздің сыртқы саясатының маңызды бағыттарының бірі – шет елдерде тұратын қандастарымызға қолдау көрсету және олармен байланысты нығайту. Түрлі деректер бойынша 5-7 миллион адамды құрайтын шет елдерде тұратын қазақ диаспорасы халықаралық қатынастарды үйлестіруге ықпал ететін тиімді сыртқы саяси және экономикалық ресурс болып табылады», - айтты «Отандастар» қорының Президенті Абзал Сапарбекұлы.
Сонымен қатар, іс-шара аясында «Қазақстандық дипломатия: көпвекторлық және үйлесімділік» көрмесі өтті. Онда Қазақстанның сыртқы саяси қызметіндегі маңызды оқиғаларды қамтитын мұрағаттық құжаттар мен фотоматериалдар көрсетілді.
Көрменің экспозициясында:
• ҚР Тұңғыш Президенті кітапханасының қорынан алынған архивтік материалдар, сондай-ақ ҚР СІМ және оның шетелдегі өкілдіктерінің қызметін реттейтін, Қазақстанның халықаралық ұйымдарға кіруін, алғашқы мемлекеттік пен ресми сапарларын көрсететін ҚР Президент Архиві ұсынған құжаттар және т. б.;
• Қазақстанның халықаралық серіктестерімен қарым-қатынасы мен ынтымақтастығын білдіретін, осы елдердің болмысын көрсететін дипломатиялық сыйлықтардың музей коллекциясы;
• қазақ дипломатиясының тарихы туралы кітап жинақтары, белгілі саяси қайраткерлер сыйға тартқан «Естелік қолтаңба» жинағы ұсынылған.


* Ақпаратты ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының Баспасөз қызметі ұсынды.