Қоғамдық кеңес

Қазақстан Республикасы Президенті архивінің жанындағы қоғамдық Кеңес туралы
ЕРЕЖЕ
1. Жалпы ережелер
1. Бұл Ереже Қазақстан Республикасы Президенті архивінің жанындағы қоғамдық Кеңестің (бұдан ары қарай – қоғамдық Кеңес) құзыретін, құрылу және қызмет ету тәртібін, өзара әрекет ету механизмін, сондай-ақ оның құрамына тәуелсіз сарапшыларды, мүдделі қоғамдық ұйымдардың өкілдерін және басқа да тұлғаларды қосу тәртібін анықтайды.
2. Қоғамдық Кеңес Қазақстан Республикасы Президенті архивінің қызметіне қолғабыс көрсетіп, тұрақты түрде жұмыс істейтін кеңесші және бақылаушы орган болып табылады.

3. Қоғамдық Кеңестің шешімдері ұсыныс сипатына ие және міндетті түрде қарастырылуы тиіс.
4. Қоғамдық Кеңес туралы Ереже, оның құрамы, оған енгізілетін өзгерістер Қазақстан Республикасы Президенті архиві директорының бұйрығымен бекітіледі.
5. Қоғамдық Кеңес өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясының, Қазақстан Республикасының 1998 жылы 22 желтоқсандағы «Ұлттық архив және архивтері туралы» Заңының, Қазақстан Республикасының 2015 жылы 2 қарашадағы «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңының, басқа да нормативтік құқықтық актілердің, сондай-ақ осы Ереженің негізінде жүзеге асырады.
6. Қазақстан Республикасы Президентінің архивіне оның қызмет ету аясында туындап отырған мәселелердің шешілуін қамтамасыз етуде қолғабыс көрсету қоғамдық Кеңестің міндеті болып табылады.  
7. Қоғамдық Кеңес қызметінің ұйымдастырушылық-техникалық қамтамасыз етілуін Қазақстан Республикасы Президентінің архиві асырады.
2. Қоғамдық Кеңестің құзыреті
8. Қоғамдық Кеңестің құқықтары:
1) Қазақстан Республикасы Президенті архивінің қызмет ету аясында Қазақстан Республикасы азаматтарының, қоғамдық бірлестіктердің, ұйымдардың, мемлекеттік билік орындарының бастамаларын ұсыну, қолдау, қарастыру;
2) Архивтік қызметтің басымдық бағыттары бойынша мәжілістерді өткізу;
3) Қазақстан Республикасы Президенті архивінің қызмет ету аясына қатысты нормативтік құқықтық актілерді (стратегия жобаларын, тұжырымдамаларды, салалық дамудың орта және ұзақ мерзімді бағдарламаларын, бюджет жоспарларын, мақсатты бағдарламаларды) қарастыруға және олар бойынша ұсыныстарды құрастырып шығу;
4) Қазақстан Республикасы Президенті архивінің қызмет ету аясына қатысты маңызды мәселелерді қарастырып, олар бойынша қажетті ұсыныстарды алға тарту;
5) Қазақстан Республикасы Президенті архивінің ұсынуымен және келісімімен өзге де мәселелерді қарастыру.
9. Жоғарыда көрсетілген құқықтарды жүзеге асыру үшін қоғамдық Кеңеске келесідей өкілеттіліктер беріледі:
1) Қоғамдық Кеңестің мәжілістеріне – жинақтау дерек көздері болып табылатын мекемелер мен ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президенті архивінің өкілдерін шақыру;
2) Қоғамдық Кеңестің құзыретіне қатысты мәселелер бойынша комиссиялар мен жұмыс топтарын құру, олардың құрамына Қазақстан Республикасы Президенті архиві директорының келісімімен – Қазақстан Республикасы Президенті архивінің жинақтау дерек көздері болып табылатын мекемелер мен ұйымдардың, мемлекеттік архивтердің, қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдардың өкілдері кіре алады.  
3) Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Архив ісі мен құжаттама департаменті, Қазақстан Республикасы Президентінің архиві жасап шығаратын нормативтік құқықтық актілердің жобаларын қоғамдық сараптамадан өткізуді ұйымдастыру;
4) Қазақстан Республикасы Президенті архивінің келісімімен, оның жұмыс жоспарына сәйкес өткізілетін дирекция мәжілістеріне қатысу;
5) Қазақстан Республикасы Президенті архивінің келісімімен қоғамдық Кеңестің жұмысы туралы ақпаратты Қазақстан Республикасы Президенті архивінің сайтына салу.   
3. Қоғамдық Кеңесті құру тәртібі
10. Қоғамдық Кеңестің құрамы кеңес жұмысына қатысу үшін өз қызметкерлерін жолдап отырған мекемелер мен ұйымдардың келісімімен жасақталады.
11. Қазақстан Республикасында архив ісін және Қазақстан Республикасы Президенті архивінің қызметін дамытуға мүдделі тұлғалар Қоғамдық Кеңестің мүшесі бола алады.
12. Қоғамдық кеңес мүшесінің өкілеттіліктері келесідей жағдайларда тоқтатылады:
1) Оның өкілеттіліктер мерзімінің аяқталуы;
2) Оның тарапынан қоғамдық Кеңестің құрамынан шығу туралы өтініш берілгенде.
13.  Қоғамдық Кеңес мүшелері өз міндеттерін қоғамдық бастама негізінде жүзеге асырады.
14. Қоғамдық Кеңес Қазақстан Республикасының азаматтары оның қызметіне ерікті қатысу негізінде құрылады. Қоғамдық Кеңестің құрамына мүдделі қоғамдық ұйымдардың өкілдері болып табылатын сарапшылар және өзге тұлғалар кіреді.
15. Қоғамдық Кеңестің сандық құрамы 7 адамнан аспайды.
16. Қоғамдық Кеңестің төрағасы және хатшысы оның алғашқы мәжілісінде қоғамдық Кеңес мүшелерімен ұсынылған үміткерлердің арасынан ашық дауыспен сайланады.
17. Қоғамдық Кеңестің құрамы Қазақстан Республикасы Президенті архиві директорының бұйрығымен бекітіледі.
4. Қоғамдық Кеңестің қызмет ету тәртібі
18. Қоғамдық Кеңес өз қызметін Қазақстан Республикасы Президенті архиві директорымен келісілген және қоғамдық Кеңес төрағасымен бекітілген жұмыс жоспарының негізінде жүзеге асырады.
19. Қоғамдық Кеңес қызметінің негізгі формасы тоқсанына кем дегенде бір рет өткізілетін және мүшелердің жартысынан көбі қатысқан жағдайда өкілетті деп саналатын мәжілістер болып табылады. Қоғамдық Кеңестің шешімі бойынша кезектен тыс, сондай-ақ хаттамасы сауалнама жолымен рәсімделетін сырттай мәжіліс өтуі мүмкін.
20. Шешімдер ашық дауысқа салумен басым дауыспен (қатысқандардың санынан) қабылданады.  
21. Қоғамдық Кеңестің шешімдері оның мәжілістерінің хаттамаларында өз көріністерін табады, қажет болған жағдайда хатшымен қоғамдық Кеңес мүшелеріне таратылады. Қоғамдық Кеңестің шешімдері туралы ақпарат, оның мәжілістерінде мақұлданған нормативтік-құқықтық актілер жобалары және басқа да құжаттар бойынша сараптамалардың қорытындылары мен нәтижелері, сондай-ақ қоғамдық Кеңес қызметінің қорытындылары туралы есептер жылына екі рет міндетті түрде Қазақстан Республикасы Президенті архивінің сайтында жариялануы тиіс.
22. Қоғамдық Кеңестің төрағасы:
1) Қазақстан Республикасы Президенті архивінің жетекшілігіне қоғамдық Кеңестің құрамын нақтылау және толықтыру бойынша ұсыныстарды жасайды;
2) Қоғамдық Кеңестің жұмысын ұйымдастырады және оның жиналыстарында төрағалық жүргізеді;
3) Кеңес мәжілістерінің хаттамаларына және өзге де құжаттарға қол қояды;
4) Қоғамдық Кеңес мүшелерінің қатысуымен жұмыс жоспарын құрастырады, мәжілістердің күн тәртібін, Қоғамдық Кеңестің мәжілістеріне шақырылған сарапшылардың және өзге де тұлғалардың құрамын бекітеді;
5) Қоғамдық Кеңестің шешімдерін жүзеге асыру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы Президенті архивінің жетекшілігімен бірлесе әрекет етеді;
6) Қажет болған жағдайда Қоғамдық Кеңестің сырттай мәжілісін өткізу туралы шешім қабылдайды, онда шешім оның мүшелеріне сауалнама жүргізу арқылы қабылданады;    
7) Мәжіліске қатынаса алмаған жағдайда шұғыл түрде төрағалық етуші тұлғаны тағайындайды.
23. Қоғамдық Кеңестің мүшелері келесідей құқықтарға ие:
1) Қоғамдық Кеңес мәжілістерінің күн тәртібін құрастыруда ұсыныс білдіру;
2) Қоғамдық Кеңеспен құрылатын комиссиялар мен жұмыс топтарына жетекшілік жүргізу;
3) Қоғамдық Кеңестің мәжілістеріне қатынасатын сарапшылардың кандидатураларын ұсыну;
4) Қарастырылып отырған мәселелер бойынша материалдарды даярлауға қатысу;
5) Қоғамдық Кеңестің мәжілісі сауалнама жолымен өткізілген жағдайда қарастырылған материалдардың нәтижелері бойынша олар жіберілген кезден бастап 10 күннен кем емес мерзімде өз көзқарасын білдіру;
6) Қазақстан Республикасы Президенті архивіне нормативтік құқықтық актілердің жобаларын және өзге де заңдық маңызы бар құжаттарды құрастыруға қолғабыс көрсету;
7) Қоғамдық Кеңестен өз еркімен шығуға.
24. Қоғамдық Кеңестің мүшелері:
1) Мәселелерді талқылау және сайлау кезінде тең құқықтарға ие;
2) Қоғамдық Кеңестің мәжілістеріне тікелей қатысуға міндетті және өз өкілеттіліктерін өзге тұлғаларға сеніп тапсыруға құқығы жоқ;
3) Архивтік қордың құжаттарына, өзге архивтік құжаттарға және олардың негізінде құрастырылған ақпарат ресурстарына қол жеткізуде артықшылықтарға ие емес.
25. Қоғамдық Кеңестің хатшысы:
1) Қоғамдық Кеңес мүшелерін келесі мәжілістің өтетін уақыты, орны және күн тәртібі, сондай-ақ Қоғамдық Кеңестің бекітілген жұмыс жоспары туралы хабарландырады;
2) Қоғамдық Кеңестің төрағасымен бірлесе отырып мәжілістерде талқыланатын құжаттардың жобаларын және өзге де материалдарды дайындайды және үйлестіреді;
3) Хаттамаларды, өзге де құжаттар мен материалдарды толтырады, рәсімдейді және қоғамдық Кеңес мүшелеріне жолдайды;
4) Қоғамдық Кеңестің құжаттамасын сақтайды және бекітілген тәртіпте құжаттарды Қазақстан Республикасы Президентінің архивіне сақтауға тапсыру үшін даярлайды;
5) Қоғамдық Кеңес мәжілісі сауалнама түрінде өткізілген жағдайда барлық мүшелерді қажетті материалдармен қамтамасыз етеді және материалдарды қарастыру нәтижелері бойынша туындаған пікірлерді жинақтап топтастырады;
6) Қоғамдық Кеңестің төрағасымен бірлесе отырып Қазақстан Республикасы Президенті архивінің ресми сайтында Қоғамдық Кеңестің қызметі туралы жариялануға міндетті ақпараттың мазмұның даярлайды және үйлестіреді.
26. Қоғамдық Кеңес мүшелері өкілеттіліктерінің мерзімі қоғамдық Кеңес жаңа құрамының алғашқы мәжілісі өткен күннен бастап аяқталады.


   Қазақстан Республикасы Президенті мұрағатының жанындағы Қоғамдық кеңес мүшелерінің
   ТІЗІМІ
   1.                      Жапаров Борис Әлікенүлы – техника ғылымдарының докторы, профессор, Қоғамдық кеңестің төрағасы;
   2.                      Сатаева Жанар Амантайқызы – Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің баспасөз хатшысы, Қоғамдық кеңестің хатшысы.
Мүшелері:
   3.                      Боранбаева Сәуле Исағалиқызы – «Туған өлке» («Родной край») журналының бас редакторы;
   4.                      Қаратаева Леся Роллановна - Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы;
   5.                      Қозыбаева Махаббат Мәлікқызы – Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми хатшысы, PhD докторы;
   6.                      Оразов Рашид Ешенұлы – Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері, PhD докторант;
   7.                      Тұрмұхаметова Мария Оразмұхаметқызы - Алматы қаласының Мәдениет және архивтер басқармасының Мұрағаттар және құжаттама бөлімінің бастығы