Архив шежіресі: Абайға тағзым

Алғы сөз

Қазақ халқының ұлы ақыны, ойшылы, ағартушысы, қоғам қайраткері Абай Құнанбайұлы (1845–1904) – ұлттық рухани сананың, мәдениет пен әдебиеттің, елдік ойдың негізін қалаушы тұлға. Абай мұрасы заманауи өркениетті қазақ қоғамының рухани іргетасы, ел тәуелсіздігінің танымдық және тарихи тірегі. Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған «Архив шежіресі: Абайға тағзым» атты тарихи-құжаттық көрме Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің қорларында сақталған бірегей құжаттар мен материалдар негізінде дайындалды. Көрменің мақсаты Абай Құнанбайұлының тұлғалық болмысын, оның рухани мұрасын, ұлттық мәдениет пен қоғамдық сананы жаңғыртудағы тарихи рөлін құжаттар арқылы кеңінен таныстыру. Бұл бағытта Қазақстан Республикасы Президенті Архивінде жинақталған тарихи құжаттар мен материалдар баға жетпес мұра болып табылады. Аталған құжаттарда Абайдың шығармашылығына берілген мемлекеттік бағалау, кеңестік және тәуелсіздік кезеңіндегі таным мен зерттеу деңгейі, сондай-ақ оның есімінің мәдени-рухани кеңістікте жаңғыруы жан-жақты көрініс табады. Экспозиция бірнеше бөлімнен тұрады. Абайдың сөзі – тарихтың тірі үні. Ақынның заманына, қоғамына қатысты көзқарастары деректермен дәлелденеді. Абай мұрасы – ел тұтастығының рухани діңгегі. Мұнда Абай шығармашылығының ұлттық бірегейлікті сақтаудағы, рухани тұтастықты қалыптастырудағы маңызы сипатталады. Ақын ойларының тәуелсіз Қазақстан идеологиясымен үндестігі көрсетіледі. Абай мұрасының кеңес дәуіріне дейінгі кезең. Бұл бөлімде Абай шығармаларының өз заманында қалай бағаланғаны, оның идеяларының ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы зиялы қауым өкілдеріне ықпалы туралы архив құжаттары ұсынылады. Абай қазақ жазба поэзиясының негізін қалаған ұлы тұлға. Абайдың әдебиеттегі жаңашылдығы, поэзия тіліне енгізген өзгерістері мен көркемдік сапасы туралы деректер мен әдеби-сын материалдар топтастырылған. Абай мұрасын ұлттық сананың жаңғыруы тұрғысынан жаңаша ұғыну. Тәуелсіздік жылдарындағы идеологиялық тұғырлар тұрғысынан Абай мұрасына жаңаша баға берілген ресми баяндамалар, бағдарламалық мақалалар мен ғылыми тұжырымдар ұсынылады. Абай мұрасын ғылыми зерделеу. Бұл бөлімде ақын мұрасын зерттеуге арналған ғылыми еңбектер, конференциялар қамтылды. Көрмеде Абайға қатысты архивтік фотосуреттер, ғылыми конференциялар мен мәжілістердің хаттамалары, мемлекеттік органдардың ақпараттық анықтамалары, мерзімді басылымдарда жарияланған мақалалар мен шолулар көрермен назарына ұсынылады. Бұл материалдардың барлығы Абай мұрасының әр кезеңдегі жаңғыру үдерісін, оның еліміздің рухани дамуына қосқан үлесін жан-жақты көрсетеді. Абайдың «Толық адам» ілімі мен «ғылым-білім арқылы жетілу» идеясын насихаттауы қазіргі қоғам үшін де маңыздылығын жоғалтпаған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Абай – біздің ұлттық идеямыздың символы», – деп атап өтуі де осы ұлы мұраның маңызын дәлелдей түседі. Көрме Абайдың рухани-мәдени мұрасын заманауи ұрпаққа кеңінен таныстыруға, ұлт тарихының дереккөздері арқылы өткенге жаңаша көзқарас қалыптастыруға, сонымен қатар архивте сақталған тарихи мәліметтер негізінде ұлттық сана мен бірегейлікті нығайтуға арналған.