08.06.2023

Жазғы мектеп жұмысы ҚазҰУ-де жалғасып жатыр

Жазғы мектептің екінші күнгі жұмысы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің кітапханасында жалғасын тапты. Қатысушыларға арнайы экскурсия ұйымдастырылып, университеттің тарихы мен даму жолдары таныстырылды. Бұл локацияда ұйымдастырылған дәрістердің тізгінін Қазақстан, Ресей, Түркия мемлекеттерінің жетекші архившілері мен ғалымдары алды. Онда әр мемлекеттің архивінің жұмыс жүргізудегі озық әдістері ұсынылды. Мәселен, Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетінің тарих-архив институтының құжаттаманы басқарудың автоматтандырылған жүйелері кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.д., профессор М.В. Ларин «Ресей Федерациясының мемлекеттік архивінің электронды құжаттарын сақтау орталығы: ресейлік архившілердің жаңа жобасы» тақырыбында дәріс оқыса, аталған университеттің құжаттаманы басқарудың автоматтандырылған жүйелері кафедрасының доценті, т.ғ.к. Н.Г. Суровцева «Архивтағы құжаттарды басқару жүйесіне функционалдық талаптарды әзірлеу әдістемесі» тақырыбында дәрістер оқыды. Форумның тыңдаушысы ҚР Орталық мемлекеттік архивнің қызметкері Н.М. Бақыбтек «... көптеген жаңа идеялар мен ақпараттар алдық. М.В. Ларинның «Цифровая экономика» жобасы өзіме қатты ұнады», - деп өзінің дәрістен алған әсерімен бөлісті.

            

Тыңдаушыларға архив ісіндегі тарихи және жаңа үрдістердің айырмашылығын жеткізген дәрістің бірі – Анкарадағы Хаджетепе университетінің профессоры, т.ғ.д. М.Д. Кылынчкайаның «Түркия Республикасының мемлекеттік архивтерінің ашықтығы мен қолжетімділігі: пайдаланушы көзқарасы» дәрісін айтуға болады. Шетелдік ғалымның дәрісіне Жамбыл облыстық мемлекеттік архивінің қызметкері С.Зейнеллаұлы «... Осман империясының кезеңендегі тарихи құжаттардың сақталуы және Танзимат реформаларының жүзеге асырылуы, оның архив саласына әсері әрі архив ісінің ХІХ ғасырдың орта шенінен аяғына дейінгі түрік еліндегі сипатын айтып өтті. Бұл тарих пен архивтың бір-бірімен тығыз байланысты екенін және қандай да тарихи құжат архивте сақталуымен ғұмыры ұзақ болатынын айтты. Жақсы әсер алдым...», - деп пікірін білдірді. Сонымен қатар, қатысушылар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, т.ғ.д. С.Ә. Жәкішеваның «Архив ақпараты тарихи әділеттілікті қалпына келтіру факторы ретінде (ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы қуғын-сүргін материалдары негізінде)» тақырыбындағы дәрісін өте әсерлі қабылдады. Мұнда тарихи құжаттардың құндылығы мен архивтің қоғамдағы негізгі рөлі және оның ашықтық мәртебесі туралы айтылды.