06.06.2023
Жазғы мектеп қатысушыларына Біріккен Араб Әмірліктерінің тәжірибесі ұсынылады
Бүгін ҚР Президентінің Архивіне VI Халықаралық жас архившілер Жазғы мектебінің шетелдік қонақтары – Біріккен Араб Әмірліктерінің Ұлттық кітапханасы мен архивтерінің бас директоры Абдулла Маджид Әл-Әли бастаған әріптестер келді.
Кездесуде Архив директоры Ә.Қ. Мұстафина биыл қаңтар айында Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапары аясында ҚР Президентінің Архиві мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Ұлттық кітапханасы мен архивтерінің арасында ынтымақтастықты дамытуға негізделген келісімге қол қойылғанын атап өтті. Сонымен қатар ол архивтік құжаттарды сақтау мен оны пайдалануды қамтамасыз ету үшін жаңа технологияларды енгізуде БАӘ-нің тәжірибесі Халықаралық Жазғы мектеп қатысушылары үшін танымды әрі пайдалы болатынына сенім білдірді.
Абдулла Маджид Әл-Әли мырза Біріккен Араб Әмірліктерінің Ұлттық кітапханасы мен архивтері Парсы шығанағы елдерінің арасындағы ең көне әрі ең бай архив екенін жеткізді. Сондай-ақ Архив жергілікті, аймақтық және халықаралық конференциялар мен симпозиумдар ұйымдастырып жүргенін атап өтті. Биылғы жылдың күзінде БАӘ астанасы Абу-Дабиде Халықаралық архивтер кеңесінің кезекті Конгресі өтетіні де айтылды.
Біріккен Араб Әмірліктерінен келген әріптестерге арнайы экскурссия ұйымдастарылып, архивтік құжаттарды цифрлау және қалпына келтіру қызметтері мен оқу залының жұмысы таныстырылды.