14.06.2024
Жазғы мектеп қатысушылары тақырыптық жобаларын қорғады
Бүгін жас архившілерге арналған VII Халықаралық Жазғы мектептің жұмысы соңғы күні ұжымдық талқылауға ұсынылған жобаларды қорғаудан басталды. Жобалар мына тақырыптар бойынша ұсынылды: мемлекеттік архивтердің жинақтау көздерімен өзара тиімді әрекеттесу механизмдері; қор құрушылармен – жеке тұлғалармен (жеке тектік қорлар) жұмыстың заманауи формалары мен әдістері; архивтерді электрондық құжаттармен жинақтау (нормативті құқықтық актілерді жетілдіру бойынша ұсыныстар). Қатысушылар топқа бөлініп, бірлесіп зерттеген тақырыптары бойынша өз тұжырымдарын айтты.
Топтық жұмыстарға Ресей мемлекеттік гуманитарлық университеті Тарих және архив институтының басқаруды құжаттамалық қамтамасыз етудің автоматтандырылған жүйелері кафедрасының профессоры Н.Г. Суровцева, Өзбекстан Республикасы Әділет министрлігі жанындағы «Өзархив» агенттігінің Навои облысы бойынша аумақтық архив басқармасының бастығы С.С. Бекова, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің доценті, т.ғ.к. Б.Е. Нұрпейісова пікірлерін білдірді. Олар архив ісінің мамандары жан-жақсы білімді болу керектігін жеткізді. Құжаттанумен қатар архив қызметінің ажырамас бөлігіне айналып бара жатқан ақпараттық жүйелерді де түсінуі шарт деген ой айтты.