30.01.2026
Жас зерттеушілер Президент Архивіне арнайы келді
Қазақстан Республикасы Президентінің Архивіне оқушылардың қызығушылығы күн санап артып келеді. Осы аптада мекемеге Астана қаласындағы №53 мектеп-гимназиясынан, №50 және №55 орта мектептерінен жас зерттеушілер арнайы келіп, архив жұмысының қыр-сырымен танысты.
Балалар экскурсия барысында оқу және көрме залдарын аралады. Жас қонақтарға тарихи құжаттардың маңызы түсіндірілді. Сондай-ақ зертханаға барып, ескірген құжаттардың қалай қалпына келтірілетін және цифрлық нұсқаға қалай көшірілетінін көрді.
«Маған Архив ерекше әсер қалдырды. Әсіресе, көрме залында заманауи технологиялар арқылы халқымыздың өткен жолын өте қызықты әрі әсерлі түрде таныстырылды», - деді №53 Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушысы С. Акрамова.
Ал аталған мектептің 9 «Д» сыныбының жетекшісі Қ. Бекниязова бұл сапардың оқушылар үшін аса маңызды әрі мазмұнды болғанын атап өтті.
«Президент Архивіне келген бұл сапар оқушылардың тарихи санасын қалыптастырып қана қоймай, азаматтық жауапкершілігін арттыруға, сондай-ақ туған елдің өткенін тереңірек танып-білуге деген қызығушылығын оятуға үлкен ықпал етті. Сонымен қатар мұндай танымдық кездесулердің тәрбиелік мәні зор», – деді ол.
Айта кетейік, «АрхивSPACE» жобасы аясында айына бір рет модульдік сабақтар өткізіледі. Жалпы алғанда, жыл басынан бері елордалық 5 мектептен 161 оқушы келіп, өздерінің тарихи танымын кеңейтті.