27.03.2026

Жас архившілерге құжаттарды сараптау бойынша оқыту семинары өтті

Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде құжаттардың құндылығын сараптау және сақтау мерзімі өткен құжаттарды жою тәртібі бойынша оқу семинары өткізілді. Іс-шара қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталды.

Семинардың спикері ретінде Архив қорларын ұйымдастыру және сараптау қызметінің сектор меңгерушісі Айтолқын Карманова таңдалды. Ол өз тәжірибесіне сүйене отырып, құжаттардың құндылығына сараптама жүргізу кезеңдерін жан-жақты түсіндірді. Оның айтуынша, сараптама барысында құжаттардың мазмұны, қайталану деңгейі, сақтау мерзімі және түпнұсқалардың болуы міндетті түрде ескеріледі.

Құжаттарды жоюға бөлу актісін рәсімдеуге ерекше назар аударылды. Қатысушыларға мысалдар арқылы актіні қалай дұрыс толтыру, оның ішінде құжаттардың атауын, мерзімдерін, істердің номенклатуралық индекстерін, сақтау мерзімдерін және «Ескертпелер» бағанын дұрыс толтыру жолдары көрсетілді. Сондай-ақ актілерге сараптамалық қорытындыларды дайындау ерекшеліктері де қаралды.

Айта кетейік, Архив қызметкерлердің кәсіби деңгейін көтеруге ерекше мән береді және семинарларды тұрақты түрде өткізеді. Биыл мұндай кездесулерді тағы бірнеше рет ұйымдастыру жоспарланған.