12.06.2024

Жас архившілерге арналған VII Жазғы мектеп жұмысы басталды

2024 жылғы 12 маусымда Архив мекемелерінің мамандарына арналған Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті және Ресей мемлекеттік гуманитарлық университеті бірлесе ұйымдастырған Жазғы мектеп өз жұмысын бастады. Биыл жетінші рет өткізіліп жатқан Жазғы мектептің тақырыбы «Цифрлық трансформация жағдайында архивтерді жинақтаудың өзекті мәселелері» деп аталды. Жазғы мектептің салтанатты ашылуында Қазақстан Республикасы Президенті Кенесінің бастығы Сариев Бақытжан Шөмішбайұлының қатысушыларына құттықтау сөзі оқылды. Ол құттықтау сөзінде қазіргі цифрлық технологиялардың қарқынды дамыған уақытында архив ісінің де маңыздылығы артып, дәстүрлі қағаз негіздегі құжаттармен қатар электрондық құжат айналымына басымдық берілгенін атап өтті. Биылғы Жазғы мектептің таңдалған тақырыбы қазіргі кезде өзекті екенін жеткізді. Бақытжан Шөмішбайұлы форум аясында отандық және шетелдік ғалымдардың, архив саласының тәжірибелі мамандары мен жас архившілердің арасында аталған тақырып аясында сындарлы диалог құрылып, қатысушылар арасында өзара құнды пікір алмасулар орын алатынына сенім білдірді. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ректоры Түймебаев Жансейіт Қансейітұлының құттықтау сөзін Ғылым және инновациялық қызмет жөніндегі департамент директоры Ибраимов Марғұлан Қасенұлы таныстырды. Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры Мұстафина Әлия Құсайынқызы, Қазақстан Республикасы Президенттік орталығы директорының орынбасары Жүкенов Дулат Амантайұлы, ТМД Атқару комитетінің Экономикалық ынтымақтастық департаментінің консультанты Кулагина Марина Алексеевна құттықтау сөз сөйледі. Онлайн байланыста Өзбекстан Республикасы Әділет министрлігі жанындағы «Өзархив» агенттігі директоры Юсупов Улугбек Мирталибович, Беларусь құжаттану және архив ісі ғылыми-зерттеу институтының директоры Рыбаков Андрей Евгеньевич, Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетінің президенті Пивовар Ефим Иосифович, Бүкілресейлік құжаттану және архивтану ғылыми-зерттеу институтының директоры Кюнг Павел Алексеевич те форум жұмысына сәттілік тіледі.

Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанның орталық, облыстық және аудандық архивтерінен жас мамандар, «архивтану және құжаттану» мамандығы бойынша оқитын университет студенттері, магистранттары мен докторанттары, соның ішінде Италия, Қытай, Танзания және Франция елдерінен алмасу бойынша білім алушылар дәрістерге, семинарларға және шеберлік сыныптарына қатысады. Іс-шараға қатысушылар саны 100-ден асады. Жас архившілерге арналған VII Жазғы мектептің алғашқы кіріспе дәрісін Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің қызметкерлері бастады. Архивтің Қолданбалы және ғылыми жобалар орталығының басшысы, т.ғ.д. Әлімғазинов Қайрат Шәкәрімұлы қазіргі кезеңде архив жұмысын құжаттармен толықтыру бойынша жетілдіру бойынша баяндама жасады. Ал Президент Архивінің Архив қорын қалыптастыру қызметінің басшысы Мұқажанова Гүлнара Жұмағұлқызы ведомстволық архивтердің жұмысын ұйымдастырудың кейбір мәселелеріне арнады, сонымен қатар жинақтау көздері саналатын мемлекеттік ұйымдардың ведомстволық архивтері қызметінің тиімділік рейтингіне тоқталып өтті. Алғашқы күннің қорытынды баяндамасын Президент Архивінің Цифрландыру және электрондық архивтерді дамыту қызметінің басшысы Қабарова Құралай Маратқызы жасады. Ол қазіргі таңдағы ең өзекті мәселелердің бірі – электрондық құжаттармен жұмысты ұйымдастыру тақырыбын зерттеп, таныстырды. Қатысушылар дәрістерден кейін, өзара ойларын жеткізді. Олар бүгінгі таңда қоғам өмірінің барлық салаларында болып жатқан цифрлық өзгерістер архив қызметіне әсері жайлы сөз қозғады. Архившілерге қойылатын талаптар бірнеше есе өсіп, заманауи ақпараттық технологияларды жақсы білу, оларды күнделікті архив жұмысына пайдалану өзекті болып отқанын атап өтті. Айта кетейік, Жазғы мектеп жұмысы 14 маусымға дейін жалғасады.