09.12.2024

Жапония архивтерімен танысу

2024 ж. 2-4 желтоқсанда Президент Архивінің директоры орынбасарлары Р.С. Кәрібжанова мен Ж.Ү. Әбдіқадырова Жапония Ұлттық архивінің шақыру хаты негізінде Токио қаласына жұмыс сапарымен барды. Іссапар Жапонияның архивтерімен тәжірибе алмасу, оның ішінде құжаттарды қайта қалпына келтіру, консервациялау, цифрлау, электрондық құжаттармен жұмыс істеу бағытында жаңа технологияларды қолдану тәсілдерімен танысу мақсатында ұйымдастырылды. 2 желтоқсанда Архив делегациясы Жапония Ұлттық архивінің президенті К. Каматамен кездесті. Кездесу барысында екі мекеменің қызметі туралы ақпаратпен алмасу, өзара серіктестікті дамыту, бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, делегация мүшелеріне Ұлттық архивтің архив қоймалары мен құжаттарды қайта қалпына келтіру лабораториясымен таныстыру ұйымдастырылды. Лабораторияда арнайы желімдерді дайындау, бүлінген қағаз негіздегі құжаттарды қалпына келтіру бойынша шеберлік сабақтары өткізілді. 3 желтоқсанда делегацияға Жапонияның Ұлттық парламенттік кітапханасымен таныстыру өтті. Осы күні делегация үшін Жапония Ұлттық архивінің Цукуба қаласындағы филиалына сапар ұйымдастырылып, филиал директоры Ивама мырзамен кездесті. Сапар аясында Цукуба қаласындағы архив ғимаратында қоймалармен танысу, құжаттарды фумигациялау, каталогтау бойынша шолулар ұйымдастырылды.

4 желтоқсанда Архив делегациясы Жапония Ұлттық архивінің архив істері департаментінің директоры Умехара мырзамен кездесіп, құжаттарды цифрлау, электрондық құжаттарды сақтау тәжірибелерімен танысты. Өз кезегінде делегация тарапынан жапондық әріптестер үшін Президент Архивінің қызметі туралы таныстырылым ұйымдастырылып, Архив қызметінің негізгі бағыттары, жүзеге асырылатын ғылыми-зерттеу жобалары туралы ақпаратпен бөлісті, жапон әріптестерімен ынтымақтастық және тәжірибе алмасу мүмкіндіктері талқыланды. Жапонияның Ұлттық архивіне іссапар барысындағы құжаттарды қалпына келтіру, сақтау және цифрландыру бойынша алынған білім мен тәжірибе Президент Архивінің жұмысына бейімделіп енгізілетін болады. Орнатылған кәсіби байланыстар архив ісі саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді. Президент Архиві Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне, Қазақстанның Жапониядағы Елшілігіне аталмыш іс-шараны ұйымдастыруға және оның сәтті өтуіне қосқан үлестері үшін алғыс білдіреді.