19.12.2025
«Жаңа Архив» журналының төртінші саны жарық көрді
Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві ғылыми-әдістемелік бағыттағы «Жаңа Архив» журналының 2025 жылғы төртінші санын оқырман назарына ұсынды.
Бұл нөмір 22 желтоқсан – Архивші күніне орай жарық көріп, архив саласының өзекті мәселелерін, архивші мамандығының кәсіби жауапкершілігін және Қазақстан тарихының маңызды кезеңдерін зерделеуге арналған.
Басылымда барлығы 13 ғылыми мақала жарияланған, олардың жетеуін ҚР Президенті Архивінің қызметкерлері дайындаған. Зерттеу тақырыптары кең ауқымды қамтиды. Атап айтқанда, архивтердің цифрлық дәуірдегі дамуы, құжаттардың құндылығын сараптау барысындағы архившінің рөлі, 1941–1945 жылдардағы Ақмола облысындағы әлеуметтік-экономикалық өзгерістер, сондай-ақ Қызылорданың Қазақстан астанасы болған кезеңі жан-жақты қарастырылады.
Сонымен қатар журналда мемлекет қайраткері Нығмет Нұрмақовтың 130 жылдығына арналған зерттеу жарияланып, оның қоғамдық-саяси қызметі, Қазақстан экономикасын, сот, прокуратура және юстиция жүйелерін қалыптастыру мен дамытудағы еңбегі талданады.
Нөмірдің бір бөлімі Біріккен Ұлттар Ұйымының 80 жылдығына арналған. С. Раднарагча мен Э. Байназарова мақалаларында БҰҰ-ның қазіргі халықаралық қатынастар жүйесіндегі рөлі мен Қазақстанның көпжақты дипломатияны дамытуға қосқан үлесі сараланады. Сондай-ақ басылымда ҚР Президенті Архиві делегациясының Франция Ұлттық архивтеріне жасаған ғылыми іссапарының қорытындылары жарияланған.
Журналдың көлемі – 130 бет. Басылымның қағаз нұсқасымен қатар электронды форматы ҚР Президенті Архивінің ресми сайтында қолжетімді. Журналдағы барлық мақалалар сирек архивтік құжаттар мен фотоматериалдарға негізделген.
Айта кетейік, 2025 жылдан бастап журналдың оқырман аудиториясы айтарлықтай кеңейді. Енді басылым архив мекемелері мен жоғары оқу орындарымен қатар кітапханаларға да таратылады. Бұл тарихи-деректік мұраны қадірлейтін зерттеушілерге, оқытушыларға, студенттерге және кең оқырман қауымға арналған құнды материалдардың қолжетімділігін арттыра түсті.