09.10.2026

«Жаңа архив» журналының үшінші саны жарық көрді

Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде «Жаңа архив» ғылыми-әдістемелік журналының үшінші саны жарыққа шықты. Архив саласының кәсіби тілі қалай өзгеріп жатыр, цифрлық технологиялар қандай жаңа мүмкіндіктерге жол ашады және архив құжаттары елдер арасындағы мәдени байланыстар туралы қандай деректер береді? Журналдың жаңа санында осы және өзге де өзекті мәселелер қамтылған.

Архивтің Ғылыми және қолданбалы зерттеулер орталығының аға сарапшысы Гүлжанар Әбдіқұлова «Қазақстандағы архив ісінің қазіргі кездегі  терминологиялық жүйесінің қалыптасуы: мәселелері мен даму перспективалары» атты мақаласында құжаттану мен архив ісінің кәсіби терминологиясының қалыптасу жолдарын қарастырады. Автор терминологиялық жүйенің заңнамалық және нормативтік-әдістемелік негіздерін талдап, цифрлық трансформацияның кәсіби терминдерге ықпалын зерделейді.

Сондай-ақ отандық және шетелдік тәжірибені салыстырып, салалық терминологияны одан әрі дамыту бағыттарын айқындайды. Журналдағы мақалалардың бірі Францияның Ұлттық архивінен табылған Бибігүл Төлегенова туралы француз тіліндегі екі материалға арналған. Зерттеу авторлары – Президент Архивінің директоры Әлия Мұстафина, директордың орынбасары Қайрат Әлімғазинов және Ғылыми және қолданбалы зерттеулер орталығының басшысы Нұрбек Шаяхмет.

La Femme soviétique мерзімді басылымында жарияланған материалдарда әншінің шығармашылық жолы баяндалады. Зерттеушілер бұл жарияланымдарды Қазақстан мен Франция арасындағы мәдени байланыстар және кеңес-француз дипломатиялық қатынастары тұрғысынан қарастырады. Аталған дереккөздер Бибігүл Төлегенованың өмірбаянына қатысты мәліметтерді толықтырып, ХХ ғасырдағы Қазақстанның мәдени өмірі мен мәдени дипломатиясының даму ерекшеліктерін зерделеуге мүмкіндік береді.

Журналдағы тағы бір тарихи зерттеу Польша Халық Республикасы Ішкі істер министрлігі Жедел жазбалар бюросының екінші бөлімінің құрылымы мен міндеттеріне арналған. Мақала авторы, Ұлттық жады институтының аға архившісі, 1956–1990 жылдары Ішкі істер министрлігінің орталық органдарына тиесілі жедел құжаттардың қалай сақталғанын баяндайды. Осы кезеңде құжаттармен жұмыс істеу тиімділігін арттыру мақсатында бөлімнің құрылымы төрт рет өзгертілген.

Басылымда ХХ ғасырдың екінші жартысындағы кеңестік немістер мәселесі де қарастырылған. Мақалада бұл мәселенің қалыптасу тарихы және оның Л.И. Брежнев билігі тұсындағы КСРО басшылығының ішкі саясатымен байланысы талданады.

Журналдың тағы бір бөлімі Архившілердің халықаралық жазғы мектебінің материалдарына арналған. Онда қатысушылардың баяндамалары мен құттықтау сөздері жарияланған. Атап айтқанда, Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетінің автоматтандырылған құжаттамалық басқару жүйелері кафедрасының меңгерушісі Михаил Ларин мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялау жағдайында Ресейдің құжаттар мен архивтерді басқару тәжірибесімен бөліседі. Ал аталған университеттің профессоры Наталья Суровцева ұйым архивінің жұмысын ұйымдастыру әдістемесіне тоқталады. 

Өзбекстан Республикасы Әділет министрлігі жанындағы «Өзархив» агенттігі директорының кеңесшісі Анваржон Әлиев ел архивтерінде енгізіліп жатқан жаңа цифрлық шешімдер, соның ішінде кинофотофоноқұжаттар порталы туралы баяндайды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ассистент-профессоры Қалима Түенбаева цифрлық трансформация жағдайындағы архивтердің ақпараттық архитектурасын, оның модельдерін, технологиялары мен басқару шешімдерін қарастырады.

Журналдың үшінші саны 134 беттен тұрады. Басылым қағаз түрінде жарық көреді, ал электрондық нұсқасы Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің ресми сайтында қолжетімді.

Айта кетейік, 2025 жылдан бастап «Жаңа Архив» журналы архив мекемелері мен архив ісі бойынша мамандар даярлайтын жоғары оқу орындарына ғана емес, кітапханаларға да таратылып келеді. Соның арқасында басылым материалдарымен тарихшылар, оқытушылар, студенттер, зерттеушілер және еліміздің құжаттық мұрасына қызығатын барша оқырман таныса алады.