11.07.2025

«Жаңа архив» журналының кезекті саны жарық көрді: соғыс кезеңіндегі Қазақстан және архивтік зерттеулер

Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві ғылыми-әдістемелік бағыттағы «Жаңа Архив» журналының кезекті санын оқырманға ұсынды. Бұл жолғы басылымда екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы Қазақстан тарихына ерекше назар аударылған. Атап айтқанда, майданға сарбаз даярлаудағы қорғаныс ұйымдарының атқарған рөлі, эвакогоспитальдердің қызметі, сондай-ақ беларусь жерінде ерлікпен көзге түскен қазақстандықтардың тарихын заманауи ақпараттық ресурстар арқылы зерделеу мәселелері кеңінен қамтылған.

Журналда заманауи тарихты қамтитын құжаттармен мемлекеттік архив қорын толықтыру мәселелеріне арналған дөңгелек үстел материалдары да жарияланды.

Басылымда барлығы 10 ғылыми мақала жарық көріп отыр, олардың бесеуін Президент Архивінің қызметкерлері дайындаған. Зерттеу тақырыптары кең ауқымды қамтиды: соғыс жылдарындағы қорғаныс ұйымдарының қызметі, эвакогоспитальдердің тарихы, әйгілі театр және кино режиссері С.Эйзенштейннің 1940-жылдары Алматыдағы шығармашылық кезеңі, ХХ ғасырдың басындағы жастар қозғалысының қалыптасуы және оның қазақ қоғамының әлеуметтік-саяси өміріне әсері. Барлық мақала сирек архивтік құжаттар мен фотоматериалдарға негізделген, авторлар архивтік зерттеулердің нақты нәтижелерін ұсынған.

2025 жылдың сәуір айында өткен «Мемлекеттік архивтерді қазіргі заман тарихы құжаттарымен толықтырудың өзекті мәселелері» тақырыбындағы дөңгелек үстел отырысының материалдары да осы нөмірде берілген. Іс-шараға Президент Архиві мен еліміздің мемлекеттік архивтерінің өкілдері қатысты.

Бұл нөмірде халықаралық әріптестік пен ғылыми байланысты дамыту мәселелері де қозғалған. Соның ішінде ҚР Президенті Архивінің директоры Әлия Мұстафина бастаған делегацияның Иорданияға жұмыс сапары туралы материалдар берілген. Сапар барысында Ә. Мұстафина ұлттық жадыны сақтау ісінде архивтер мен кітапханалардың рөліне арналған халықаралық конференцияға қатысып, баяндамасын ұсынған еді.

Журналдың көлемі 161 бет. Басылымның қағаз нұсқасы жарық көрсе, электронды форматы ҚР Президенті Архивінің ресми сайтында жарияланды.

Айта кетейік, 2025 жылдан бастап журналдың оқырман аудиториясы айтарлықтай кеңейді. Енді бұл басылым тек архив мекемелері мен жоғары оқу орындарына ғана емес, сондай-ақ кітапханаларға да таратылады. Осы арқылы тарихи-деректік мұраны қадірлейтін зерттеушілерге, оқытушыларға, студенттерге және ел тарихына бейжай қарамайтын барша оқырманға құнды материалдар қолжетімді бола түсті.