01.04.2026
«Жаңа архив» журналының 2026 жылғы алғашқы саны жарық көрді
Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві «Жаңа архив» атты ғылыми-әдістемелік журналының биылғы алғашқы нөмірі жарық көрді. Бұл шығарылым Қазақстандағы саяси жаңғырудың жаңа кезеңіне, архив ісін цифрландырудың құқықтық негіздеріне және құжаттық мұраны сақтаудың заманауи технологиялық бағыттарына арналған.
Журналдың бұл санында ерекше орын алатын материалдың бірі - Президент Архивінің директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Ә.Қ. Мұстафинаның «Президент Архиві – тарих эпицентрінде» атты мақаласы. Автор 2022 жылғы конституциялық реформалардан басталған еліміздегі саяси жаңғыру үдерістері Жаңа Конституцияның қабылдануына негіз болғанын саралап, архивтің қоғамдық-саяси диалог алаңы ретіндегі рөлін аша түседі. Сонымен қатар мақалада Президент Архивінің Астана қаласына көшірілуінің стратегиялық маңызы мен «Жаңа архив» журналының Қазақстандық ғылыми дәйексөз алу индексі (ҚҒДИ) базасына енуі сияқты жетістіктер ерекше аталған.
Жалпы саны 135 беттен тұратын журналда 11 ғылыми мақала жарияланған. Оның ішінде архив саласына жасанды интеллектіні енгізу мәселелеріне арналған зерттеулер және тарихи құжаттарды зерделеуге бағытталған сараптамалық материалдар бар.
«Цифрлық дәуірдегі архивтер» бөлімінде отандық және шетелдік мамандардың зерттеулері жарық көрді Мәселен, ҚР Президенті Архивінің Цифрлық технологиялар және инновациялар қызметінің басшысы Қ.М. Кабарова мен сарапшы Т.Е. Ермешева 2026 жылғы 9 қаңтардағы ҚР Цифрлық кодексіне цифрлық архивтер мен электронды құжат айналымына қатысты нормалар тұрғысынан шолу жасаған. Ал Ю.Ю. Юмашева мақаласында электрондық және цифрлық құжаттар мен деректерді ұзақ мерзімді сақтау мәселесі ақпараттық технологиялардың дамуы тұрғысынан қарастырады.
Сондай-ақ алғашқы нөмірінде ҚР Президенті Архивінің бірқатар мамандарының зерттеу мақалалры жарық көрді. Атап айтқанда Б.Б. Ақтайлақ «Archives in context» подкастының тәжірибесі мысалында архившелір қауымдастығын дамытудағы тарихи жадыны сақтаудағы бірегей рөлін жан-жақты талдайды. Ал архивтің Сақтауды қамтамасыз ету және мемлекеттік есепке алу қызметінің басшысы Г.О. Бекишева ведомстволық архивтерде аудиовизуалды құжаттарды сақтауды ұйымдастыру бойынша практикалық ұсынымдарды көрсеткен.
Журнал баспа нұсқасында жарық көріп, цифрлық форматта ҚР Президенті Архивінің ресми сайтында қолжетімді.
Айта кетейік, 2025 жылдан бастап журналдың таралымы кеңейіп, ол тек архив мекемелері мен салалық кафедралары бар жоғары оқу орындарына ғана емес, сонымен қатар кітапханаларға да таратылуда. Бұл – құнды ғылыми материалдарды тарихшыларға, оқытушыларға, студенттерге, зерттеушілерге және еліміздің құжаттық мұрасына қызығушылық танытатын кең оқырман қауымға қолжетімді етуге мүмкіндік берді.