08.04.2025

«Жаңа Архив» журналы: Тарихты жаңғыртудың ғылыми алаңы

Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві 2025 жылғы ғылыми-әдістемелік «Жаңа Архив» журналының алғашқы нөмірін шығарды. Бұл нөмірде архивтану, құжаттану, басқаруды құжаттамалық қамтамасыз ету және отан тарихы саласындағы маңызды ғылыми жұмыстары мен зерттеулері жөнінде мақалалар топтастырылды. Журналдың бас редакторы, тарих ғылымдарының кандидаты Әлия Мұстафина Президент Архиві еліміздің ірі архив қоймасы ретінде құжаттарды сақтаумен қатар мәдени, ғылыми және білім беру орталығы ретінде тарихи мұраны көпшілікке насихаттауды көздейтінін атап өтті. Бұл Президент Архивінің Даму тұжырымдамасында көрініс тапқан болатын. Журналдың алғысөзінде ҚР Президенті Архивінің директоры Әлия Мұстафина 2025 жылы бірқатар атаулы күндерді атап өтті. Ол: «Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылдануы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуының 30 жылдығы, Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның жариялануының 35 жылдығы, Байқоңыр ғарыш айлағының құрылуының 70 жылдығы, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің және Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылуының 80 жылдығы, Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы – міне, біздің халқымыздың тарихи жадында сақталған маңызды оқиғалардың бір парасы ғана», – деді.

Биылғы жылдың ерекшелігі – журнал аудиториясының біршама кеңеюі. Енді «Жаңа Архив» басылымы тек архив мекемелері мен бейінді жоғары оқу орындарына ғана емес, сонымен қатар орталық және амбебап кітапханаларға қолжетімді. Бұл әралуан оқырмандардың, отандық және шетелдік әріптестеріміздің саны артатынын білдіреді. Жаңа нөмірде архивтану және тарих бойынша зерттеулер, тұлғалар мен олардың отбасының тағдырлары жайлы жарияланымдар, архив саласындағы заманауи сын-қатерлер туралы мақалалар қамтылған. Тақырыптар арасында электрондық құжаттармен жұмыс, тоталитарлық репрессияның салдары, жеке архивтерді сақтау және соғыс ардагерлерінің жеке естеліктері бар. Журналдың көлемі 145 беттен тұрады. Журналды дәстүрлі форматта да, ҚР Президенті Архивінің сайтында электронды түрде де оқи аласыздар. Естеріңізге сала кетейік, «Жаңа Архив» журналының миссиясы – отандық және шетелдік архивтану мен құжаттанудың дамуына ықпал ету; архив ісі және құжаттану, отан тарихы мәселелері бойынша өзекті мақалаларды, шолуларды жариялау, сондай-ақ аталған бағыттардың өзекті мәселелері шеңберінде ғылыми зерттеулер деңгейін көтеру және халықаралық ынтымақтастықты дамыту.