02.10.2025

«Жаңа архив» ғылыми-әдістемелік журналының үшінші саны жарық көрді

Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві «Жаңа архив» атты ғылыми-әдістемелік журналының үшінші нөмірі жарық көрді. Бұл шығарылым Қазақстандағы конституциялық дамудың негізгі мәселелеріне, архивтердің демократияны нығайтудағы рөліне және архив саласындағы цифрлық трансформацияның өзекті бағыттарына арналған.

Журналдың бұл санында ерекше орын алатын материал – Қазақстан Республикасының БҰҰ жанындағы тұңғыш тұрақты өкілі Ақмарал Арыстанбекованың «Тәуелсіздіктің кепілі» мақаласы. Бұл мақала Біріккен Ұлттар Ұйымының 80 жылдығына орай жазылып, Қазақстанның халықаралық дипломатиядағы орны мен бастамаларын – ядролық қарусыздану, бейбітшілікке үндейтін саясатын жан-жақты ашады. Сонымен қатар автор алғаш рет жеке архивтік қорынан бірқатар тың құжатты ұсынған.

Жалпы саны 185 беттен тұратын журналда 24 мақала жарияланған. Оның ішінде Жас архившілердің VIII Халықаралық Жазғы мектебі қатысушыларының 11 баяндамасы және Қазақстан Конституциясының 30 жылдығына арналған дөңгелек үстел аясында ұсынылған 10 ғылыми мақала бар.

Конституцияға арналған бөлімде еліміздің және шетелдік жетекші ғалымдардың зерттеулері жарық көрді. Онда Ата Заңымызда бекітілген құндылықтар, 2022 жылғы конституциялық реформа, ҚР Конституциялық Соты туралы алғашқы монография талданады. Сонымен қатар Қазақстандағы конституциялық ойлардың тарихи дамуы, Қазан университетінің қазақ түлектерінің мемлекеттілік қалыптастырудағы рөлі және заң үстемдігі мен конституциялық нормаларды жүзеге асырудың практикалық аспектілері кеңінен қарастырылған.

Сондай-ақ үшінші нөмірде Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған мақалалар, XX ғасырдың 40–90-жылдарындағы Польшаның архивтер тағдыры туралы поляк архивисті С. Коллердің зерттеуі және архив саласындағы цифрлық өзгерістерге арналған ауқымды материалдар топтамасы ұсынылған. Олардың қатарында электронды құжатайналымды енгізу, цифрлық архив стандарттарын қалыптастыру, сондай-ақ жасанды интеллект пен deep learning технологияларын архивтердің қолжетімділігін арттыру мақсатында қолдану мәселелері қамтылған.

Журнал баспа нұсқасында жарық көріп, цифрлық форматта ҚР Президенті Архивінің ресми сайтында қолжетімді.

Айта кетейік, 2025 жылдан бастап журналдың таралымы кеңейіп, ол тек архив мекемелері мен салалық кафедралары бар жоғары оқу орындарына ғана емес, сонымен қатар кітапханаларға да таратылуда. Бұл – құнды ғылыми материалдарды тарихшыларға, оқытушыларға, студенттерге, зерттеушілерге және еліміздің құжаттық мұрасына қызығушылық танытатын кең оқырман қауымға қолжетімді етуге мүмкіндік берді.