20.03.2025
Жұмабек Тәшеновке 110 жыл: қайраткердің Президент Архивінде қандай құжаттары сақтаулы
Биыл 20 наурызда мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Ахметұлы Тәшеновке 110 жыл толады. Тарихымызда оның есімі Қазақстанның территориялық тұтастығын ерлікпен қорғаған, қиын кезеңдерде жаңашыл шешімдер таба білген талантты басқарушы және өз еліне шынайы адал патриот ретінде ардақталды. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде оның жеке құжаттары – 1962 жылы қолмен жазылған автобиографиясы, жеке ісі және суреттері сақтаулы. Бұл материалдар оның өмір жолын және елдің дамуына қосқан үлесін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Жұмабек Ахметұлы Тәшенов 1915 жылы 20 наурызда Ақмола облысының Аршалы ауданындағы қазіргі Койгелді ауылында, Бабатай қыстауында дүниеге келген. Өзінің автобиографиясында: «Мен, Тәшенов Жұмабек Ахметұлы, 1915 жылы Целиноград облысы Вишнев ауданы Танагүл ауылдық кеңесіндегі Бабатай қыстауында шаруа отбасында дүниеге келдім. Әкем Жанібеков Ташен байлар мен кулактарда шаруа адамы болып істеген, 1933 жылы туберкулезден қайтыс болды. Мен өзім 1928 жылға дейін әкемнің қарауында болдым» деп жазған. 1928 жылы Тәшенов Бабатай ауыл шаруашылығы жастары мектебіне түсіп, 1933 жылы оны бітірді. Сол жылы ол Целиноград құрылыс техникумының екінші курсында оқуға қабылданды, бірақ бір жылдан кейін оның кандидатурасы Целиноград аудандық атқару комитетінің хатшысы қызметіне ұсынылды.
Жұмабек Тәшеновтің қызметтік жолы 1934 жылы Ақмола қаласы атқару комитетінің хатшысы қызметінен басталды. Кейін Солтүстік Қазақстан облысы, Қарағанды облысында жұмыс істеді. Әр жылдары ол Ақмола облысының жоспарлау бөлімінің бастығы, референті, жер бөлімінің бастығының орынбасары, кейінірек Солтүстік Қазақстан облысы партия комитеті хатшысының орынбасары қызметтерін атқарды. 1955-1960 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі төралқасының төрағасы болды. Жұмабек Тәшенов жайлы сөз қозғалғанда, оның сол дәуірдегі саясаттың салқынынан қорықпай, қазақтың жерін сақтап қалған ерлігін айтпай кете алмаймыз. Тар жол, тайғақ кешу заманында қасқайып тұрып қазақ халқының жерін қорғау кез-келгеннің қолынан келе бермейтін батырлық. Қазақстанның солтүстік аймағындағы байлығы шалқыған, егін-жайы толқыған бес облысын көрші Ресейге қосудан аман алып қалды. Ол Маңғыстау облысын Түрікменстанға қосу ұсыныстарына қарсы шықты, Оңтүстік Қазақстан облысының мақта егетін аудандарының Өзбекстанға берілуі жөніндегі ұсынысқа да тойтарыс берді. Тың игеру кезінде Көкшетау облысында совхоз директоры болған Ф.Моргун 1957 жылы жер астындағы су көздеріне қажетті құралдардың болмауынан суды алыстан тасуға мәжбүр болғанда, Жұмабек Тәшенов бір аптаның ішінде Армениядан қажетті құралдарды алғызып, су мәселесін шешті. Сонымен қатар, оның жетекшілігімен Қазақстанда ядролық сынақтар өткізуге қарсылық көрсетілді.