26.11.2025

«Зерде» лицейінің оқушылары Президент Архивіне танымдық экскурсияға келді

Астана қаласындағы №9 «Зерде» мамандандырылған лицейінің 9-сынып оқушылары Қазақстан Республикасы Президент Архивіне арнайы келді. Экскурсияның алғашқы бөлігінде балаларға «Конституция – демократияның маңызды институты» көрмесі таныстырылды. Көрмеде мемлекетіміздің негізгі заңына қатысты тарихи құжаттар, фотосуреттер мен маңызды деректер ұсынылып, оқушылар тәуелсіз Қазақстанның құқықтық дамуы жөнінде тың мәліметтер алды.

Сонымен қатар оқушылар Архивтің зертханалық корпусына барып, құжаттардың қалай қалпына келтірілетінін, қалай цифрландырылатынын көрді. Ал оқу залында цифрландырылған материалдармен жұмыс істеу тәртібін білді. 

«Бұл экскурсия оқушылар үшін ерекше әсер қалдырды. Себебі олар тарих пәнінен тек оқулық арқылы білетін деректердің нақты құжат түрінде қалай сақталатынын көрді. Мұндай тәжірибе олар үшін өте қызықты болды», – деді №9 «Зерде» мамандандырылған лицейі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жаңагүл Дәуренқызы.

Танымдық сапар «АрхивSPACE» жобасы аясында өтіп, жасөспірімдердің архив ісіне, құжаттық мұраға қызығушылығын арттыруға бағытталды. Бүгінгі іс-шараға 28 оқушы қатысты. Балалар үшін бұл тек экскурсия емес, өткен мен бүгінді байланыстыратын ерекше саяхат болды.