22.08.2025
Өзбекстанда ҚР Президенті Архивінің жеке тектік құжаттарды жинақтау тәжірибесі таныстырылды
Бұқара қаласында «Қазақстан архивтері күндері Өзбекстанда» аясында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Аталған шараға Қазақстан Республикасы Президенті Архиві директорының орынбасары Бақытхан Шайлазымов қатысып, арнайы баяндама жасады.
Конференцияны Өзбекстан Республикасының «Өзархив» агенттігі, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі және Бұқара мемлекеттік университеті бірлесе ұйымдастырды. Жиынға екі елдің архив қызметкерлері, жоғары оқу орындарының оқытушылары, тарихшылар, өлкетанушылар мен БАҚ өкілдерінен құралған жүзге жуық қатысушы жиналды.
Бақытхан Шайлазымов шетелдік әріптестер алдында сөз сөйлеп, архивтік материалдарды жинақтау және оларды ғылыми айналымға енгізу тәжірибесі туралы кеңінен баяндады. Ол Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің басты басымдықтарының бірі мемлекет және қоғам қайраткерлерінің жеке қорларын жинақтау және сақтау екенін атап өтті.
«Архив жеке құжаттарды жүйелі әрі ғылыми негізде қабылдайды, олардың тарихи және мәдени құндылығы бірінші кезекте ескеріледі. Әрбір құжат каталогталып, ғылыми-анықтамалық жүйеге енгізіледі. Бұл зерттеушілерге құжаттарға оңай қол жеткізуге, оларды білім беру және ғылым саласында кеңінен пайдалануға мүмкіндік береді», – деді Бақытхан Шайлазымов.
Сонымен қатар 1998 жылдан бері Президент Архивіне 100-ге жуық жеке қор қабылданғанын, бүгінде онда 10 мыңнан астам іс сақтаулы тұрғанын атап өтілді. Олардың қатарында белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері Ақмарал Арыстанбекова, Сұлтан Жиенбаев, Санжар Жандосов, Зәуре Омарова, Жұмабай Шаяхметов және шетелдегі қазақ диаспорасының өкілдері де бар.
Айта кету керек, 2025 жылғы 20-21 тамыз күндері өткен бұл конференция барысында архив ісінің өзекті мәселелері кеңінен талқыланды. Атап айтқанда, архивтерді цифрландыру, құжаттық мұраны сақтау, қорларды толықтыру және оларды қоғамға қолжетімді ету жолдары сөз болды. Сонымен қатар, қазақстандық делегация Өзбекстандағы бірқатар архив мекемелері мен музейлердің жұмысымен танысты.