03.10.2024

ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» бағдарламасы бойынша семинар өтті

3 қазанда «Мұра институттары қоғамды орнықты дамыту жолында» тақырыбындағы Қазақстан архившілерінің II халықаралық Конгресінің аясында ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» бағдарламасы бойынша семинар өтті. Семинарға қатысушыларына Қазақстан Республикасының Париж қаласындағы ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілі Асқар Әбдірахманов сәлем жолдады. Семинарда ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» бағдарламасының мақсаты кеңірек түсіндіріліп, халықаралық тізілімде жаңа номинациялар жөнінде ұсыныстар айтылды. Бағдарламаның жетекші сарапшылары – ЮНЕСКО байланыс және ақпарат департаментінің құжаттық мұра бөлімшесінің меңгерушісі Факсон Банда, Орталық Азия университеті жоғары даму мектебінің азаматтық қоғам бастамасының директоры, «Әлем жады» бағдарламасының тізілімі комитетінің мүшесі Айжарқын Қожобекова өз тәжірибелерін бөлісті.

Суринам Ұлттық архивінің директоры, Халықаралық Архивтер Кеңесінің Ұлттық Архившілер форумының президенті, «Әлем жады» бағдарламасының халықаралық консультативтік комитетінің мүшесі Рита Тьен Фу Кариб теңізі аймағында бағдарламаны енгізу тақырыбына қатысты баяндама жасады, ал ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасының директоры Ғазиза Нұрғалиева бағдарламаның Қазақстандағы жұмысы жөнінде айтып берді. Семинар қорытындысы бойынша ЮНЕСКО бағдарламасының сарапшылары өз ұсыныстарын айтып, ескертпелерін білдірді. Факсон Банда алдағы уақытта «Әлем жады» халықаралық тізілімінде өтінімдер саны артады деген үмітін жеткізді. Семинар соңында қатысушыларға сертификаттар табысталды.