05.09.2022

Эстондық әріптестермен кездесу

2022 жылдың 31 тамыз – 2 қыркүйек аралығында қазақстандық архившілер: Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры Ә.Қ. Мұстафина, ҚР Президенті Архивінің электрондық архивтерді цифрландыру және дамыту қызметінің басшысы Қ.М. Қабарова және Алматы қаласының мемлекеттік архивінің директоры А.Қ. Ботанов Эстонияда болып қайтты. Эстонияның Тарту қаласындағы Ұлттық архивінде қазақстандық архившілер эстониялық әріптестерінің мемлекеттік органдардан келіп түсетін электрондық құжаттарды қабылдау, сақтау, есепке алу және пайдалану саласындағы жұмыс тәжірибесімен, сондай-ақ архивтік құжаттарды цифрландыру бағдарламасымен танысты. Ұлттық архив Эстония архивтерінің орталығы болып табылады, оның бөлімшелері Таллин, Тарту, Раквер және Валга қалаларында орналасқан. Эстония Ұлттық архивінің негізгі міндеті - бүгінгі және болашақ ұрпақ үшін тарихи жадтың сақталуын қамтамасыз ету. Эстонияның Ұлттық архиві Білім және ғылым министрліктің қарамағындағы мемлекеттік мекеме болып табылады.

Эстония Ұлттық архивінің бас ғимараты 2017 жылы салынған. Алты қабатты ғимарат Еуропаның заманауи архивтерінің бірі болып табылады, онда зерттеушілердің қажеттіліктері үшін жиырма алты жұмыс орны, компьютерлер және құжаттарды тегін сканерлеу мүмкіндігі бар оқу залы, сонымен қатар топтық жұмысқа арналған бөлмелер, мәжіліс зал және оқу сыныбы бар. Эстония Ұлттық архивінің құрылымына Киноархиві мен Цифрлық архиві кіреді. Сапар аясында Эстония Ұлттық архивінің басшысы Приит Пирскомен, Цифрлық архив директоры Раури Лехтпен, пайдалану бөлімінің басшысы Тынис Тюрнмен және сақтау бөлімінің басшысы Рут Тиидормен кездесулер өтті. Эстония астанасында Қазақстанның архившілері Эстония Ұлттық архивінің Таллинн филиалына, Киноархивіне және Таллинн қалалық архивіне барды. Эстониялық әріптестермен кездесу барысында Қазақстан мен Эстония арасындағы архив ісі саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Тараптар бірлескен ғылыми-зерттеулер мен архивтік білім беру жобаларын іске асыру мүмкіндіктерін қарастырды.