14.06.2024

VII Халықаралық Жас архившілердің жазғы мектебінің жұмысы аяқталды

Жас архившілерге арналған VII Жазғы мектептің жұмысы өз мәресіне жетті. |Форумның жабылуында Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры Ә.Қ. Мұстафина сөз сөйлеп, форумқа қатысқан барша әріптестеріне алғысын жеткізді. Директор Жазғы мектепке алған жаңа білімдерін жұмыс орнына оралған соң практикада қолданады деген сенімін білдірді. Осы іс-шараға әрдайым қолдау көрсететін қырғыз және өзбек әріптестерге алғысын айтып, білімімен бөліскен дәріскерлерге ризашылығын жеткізді. Сонымен қатар форум жұмысына тыңдарман ретінде келіп, жобаларға белсене атсалысқан қатысушыларға да жылы лебізін білдірді.

Жазғы мектеп кезінде қатысушылар қазіргі цифрлық трансформация жағдайында архивтерді жинақтаудың өзекті мәселелері бойынша ұсыныстар, шешімдерді талқылау және қабылдау, архивті дамытудың инновациялық идеяларын қалыптастыру, жобаларды іске асыру және үздік архивтік тәжірибелерді тыңдап, білім аясын кеңейтті деуге толық негіз бар. Жазғы мектептің жұмысына қатысқан барша әріптестерге сертификаттар табысталды. Шет мемлекеттер мен өзге өңірлерден келген қонақтарға Алматы қаласының көрікті жерлеріне экскурсия ұйымдастырылды. Форумның қатысушылары келесі жылы да бас қосып, әлемнің жазба тарихын сақтауда парықты ойларымен бөлісіп, парасатты жиынды жалғастырамыз деп тарқасты.