19.01.2026

Қызылордада V Ұлттық құрылтай жұмысы басталды

Бүгін, 19 қаңтарда Қызылорда қаласында V Ұлттық құрылтай өз жұмысын бастады. Форумға құрылтай мүшелері, оның ішінде Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры Әлия Мұстафина қатысуда. 

Форумның бірінші күні жұмыс секцияларында өтті. Құрылтай мүшелері әлеуметтік-мәдени даму, білім мен ғылым, азаматтық қоғам және экономикалық даму бағыттарында өз ұсыныстарын ортаға салды.

Құрылтайда Президент Архивінің директоры Әлия Мұстафина сөз сөйлеп, архив ісіндегі ақпарат көлемі бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткенін атап өтті. Сондай-ақ 2025 жылы әлемде өндірілген деректер көлемі 182 зеттабайтты құрағанын және бұл бес жыл бұрынғы көрсеткіштен үш есеге көп екенін айтты.

«Миллиондаған құжаттар мен терабайттар көлеміндегі бейнематериалдарды дәстүрлі әдіспен өңдеу мүмкін емес. Сол себепті бұл заманауи талаптарды шешудің бірден-бір жолы – архив қызметінде жасанды интеллект технологияларын қолдану. Болашақ архившінің жұмысы - тек қағазбен емес, дәл осы жасанды интеллект, блокчейн және үлкен деректерді (Big Data) басқарумен тікелей байланысты болады. Сондықтан цифрландыру мен жасанды интеллект мүмкіндіктері архивтердің қызметін жаңа сапалық деңгейге көтеруге ықпал етпек. Ал біздің алдымызда бұл технологияларды тиімді пайдалану міндеті тұр», - деді Әлия Мұстафина.

Сонымен қатар директор «Азаматтық қоғам» секциясының отырысында архив ісіне еріктілерді тарту бастамасын көтерді. Ол Қазақстан Президентінің ұсынысымен 2026 жыл - БҰҰ-ның Халықаралық еріктілер жылы екенін айта келе, олардың көмегімен архивтердегі орасан зор ақпараттық массивтерді жүйелеп, цифрлық форматқа көшіруді әлдеқайда жеделдетуге болатынына тоқталды.

Айта кетейік, бұған дейін құрылтай 2022 жылы Ұлытауда, 2023 жылы Түркістанда, 2024 жылы Атырауда, 2025 жылы Бурабайда өткізілген. Ертең, 20 қаңтарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтай отырысы өтпек.