26.12.2023

Мемлекеттік комиссия отырысында Архивтің ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерделеу орталығының екі жылдағы жұмысының қорытындысы баяндалды

Мемлекеттік кеңесші Е.Т. Қариннің төрағалығымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссиясының қорытынды отырысы өтті. Отырыста ғалымдар мен сарапшылар ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін тақырыбына байланысты материалдарды терең зерттеуге және талдауға бағытталған ғылыми жобалардың нәтижелерін ұсынды. Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры Ә.Қ. Мұстафина өз есебінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2021 жылы құрылған ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерделеу орталығының екі жылдағы жұмысының қорытындысы туралы баяндады. Жүктелген тапсырмаларға сәйкес Орталық 2022-2023 жылдар ішінде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Бас прокуратураның арнаулы мемлекеттік архивтерінен келіп түскен 600 мыңға жуық істі қабылдау және орналастыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізді. ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Е.Т. Қарин Президент Архивіне, арнаулы мемлекеттік архивтердің басшылары мен мамандарына, еліміздің маңызды құжаттық мұрасын Президент Архивіне тапсыру бойынша ауқымды жұмыс атқарған жергілікті атқарушы органдардың өкілдері мен осы жұмысқа қатысушылардың барлығына алғысын білдірді. Президент Архиві тарапынан қазірдің өзінде аталған құжаттар кешенін ғылыми-техникалық өңдеу жүзеге асырылып бастады, одан кейін материалдарды ғылыми айналымға енгізу және оларды әйгілеп, насихаттау бойынша үлкен жұмыс күтіп тұр. Қабылданған құжаттардың физикалық жай-күйін бастапқы бағалау барысында істердің 51% (352 560) толық қалпына келтіруді талап ететіні анықталды, сондықтан алдағы кезеңде Орталық қызметінің осы бағытына ерекше назар аударылатын болады. Жалпы арнаулы мемлекеттік архивтердің құжаттарын орталықтандыру және оларды Президент Архивіне мемлекеттік сақтауға тапсыру ұлттық тарих құжаттарының бірегей кешенінің сақталуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ олар бойынша азаматтардың сұранысы бойынша «бір терезе» қағидаты бойынша іздестіруді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

2023 жылы Архив тарапынан 642 сұрау салу орындалды. Отандық және шетелдік азаматтардың өтініштері бойынша 1,5 мыңға жуық архивтік анықтамалар мен құжаттардың көшірмелері берілді. Қабылданған құжаттарды ғылыми айналымға енгізу және әйгілеу мақсатында биылғы жылы Президент Архиві жетекші алаштанушы ғалымдармен бірге «Алашорда ісі» ғылыми-зерттеу жобасын жүзеге асырып, нәтижесінде 12 томдық басылым дайындалды. Жинаққа көпшілігі бұрын жарияланбаған 3000-нан астам құжат кірді. Жоба «Самұрық-Қазына» қорының қаржылай қолдауымен жүзеге асырылды. Отырыс қорытындысы бойынша алдағы кезеңге арналған жұмыстың басым бағыттары бойынша ғылыми-зерттеу қызметін жалғастыруға және азаматтарды ақтауға, құжаттарды жүйелеп, Ұлттық архив қорының құрамына енгізуге бағытталған тапсырмалар берілді. Отырыс барысында ҚР Мемлекеттік Кеңесшісі еліміздің жетекші ғалымдарына, мемлекеттік комиссия мүшелеріне жемісті жұмысы үшін Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың алғыс хаттарын табыс етті.