10.07.2025
Президент Архивінде Қазақстан дипломатиясы жайлы жаңа кітаптың тұсаукесері өтті
Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің Алматы қаласындағы филиалында белгілі дипломат, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ақмарал Хайдарқызы Арыстанбекованың «Грани дипломатии Казахстана» кітабының тұсаукесері өтті. Аталмыш еңбекте 1980-жылдардан бастап 1991 жылдың желтоқсан айында тәуелсіздік жарияланғанға дейінгі Қазақстанның халықаралық байланыстары жөнінде баяндалған.
Ақмарал Хайдарқызы – Қазақстан Республикасының БҰҰ жанындағы бірінші Тұрақты өкілі, бұрынғы Сыртқы істер министрі, Қазақстанның Төтенше және Өкілетті Елшісі Қазақстанның бірінші әйел-дипломаты. 40 жылдан астап осы салада қызмет етіп келе жатқан дипломат қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының сыртқы саясат саласында өз қызметін жалғастыруда.
Кітапта А. Арыстанбекованың жеке тектік қорынан алынған бірегей архивтік материалдарды қамтиды. Онда Қазақстанның Достық қоғамының қызметі мен шет мемлекеттермен мәдени байланыстарын айғақтайтын сирек құжаттар, фотосуреттер мен тарихи деректер топтастырылған.
Кітаптың бірінші бөлімі халықтық дипломатияға арналса, екінші бөлімде, Қазақстанның дипломатиялық ведомствосының Тәуелсіздік жарияланар алдындағы қызметі ашылады. 1990 жылдың 25 қазанында қабылданған Қазақ КСР Мемлекеттік суверенитеті туралы декларациясының қабылдануы мен Қазақстанның әлемдік қоғамдастыққа және жаһандық экономикалық жүйеге енуімен байланысты маңызды оқиғаларға ерекше назар аударылған.
Ақмарал Хайдарқызы бұл басылым дипломаттар, халықаралық қатынастар саласындағы зерттеушілер, тарихшылар, мәдениеттанушылар, оқытушылар мен студенттер үшін құнды ақпарат көзі болатынына сенім білдірді. Сондай-ақ бұл еңбек Қазақстанның сыртқы саяси бағытының қалыптасуы мен маңызды мемлекеттік шешімдердің қабылдану тарихын тереңірек түсінгісі келетін барша оқырман үшін аса пайдалы болмақ.
Ақмарал Хайдарқызы жеке архив қоры ҚР Сыртқы Істер министрлігінің құжаттарымен қатар ҚР Президентінің Архивінде мемлекеттік сақтауда. Сондықтан кітаптың таныстырылымы Архив ғимаратында өткізілді. Басылым оқу залына табысталып, зерттеушілер үшін қолжетімді болмақ.