05.11.2025

Цифрлық Үкіметті қолдау орталығының қызметкерлері Президент Архивіне келді

Цифрлық Үкіметті Қолдау Орталығының өкілдері Қазақстан Республикасы Президентінің Архивіне келіп, мекеме қызметімен танысты. Кездесудің басты мақсаты – архивтік құжаттардың сақталуы мен оларды цифрлық форматқа көшіру үдерісімен танысу болды. Бұған дейін Архив басшылығы мен Орталық өкілдері арнайы кездесу өткізіп, екі тарап арасындағы серіктестікті дамыту мәселелері талқыланған еді. Сол кездесудің жалғасы ретінде Орталық қызметкерлеріне арналған экскурсия ұйымдастырылды.

Орталық қызметкерлері оқу және көрме залдарын аралап, архивтік материалдарға қол жеткізу тәртібімен танысты. Архивтің оқу залында әрбір зерттеуші арнайы электрондық жүйе арқылы кілтсөздер бойынша қажетті деректі оңай таба алады. Сондай-ақ қонақтар құжаттардың сақталуын қамтамасыз ететін зертхана қызметін көріп, қалпына келтіру мен құжаттарды цифрландыру барысын бақылады.

«Президент Архивіне бірінші рет келіп тұрмын. Маған Архивтің қазіргі цифрлық шешімдерді өз қызметінде пайдалана алатыны қуантты. Өзім IT саласында қызмет еткендіктен, архивтік құжаттардың цифрлық форматқа көшіруінде ауқымды еңбектер жүзеге асып жатқанын байқадым», – деді Орталық қызметкері Әйгерім Қанатқызы.

Қатысушыларға Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына арналған тарихи-құжаттық көрме таныстырылды. Экспозицияда еліміздің конституциялық дамуының негізгі кезеңдері мен тәуелсіздік жылдарындағы маңызды құжаттар ұсынылған.

Айта кетсек, Цифрлық Үкіметті қолдау орталығы мемлекеттік органдардың жобалық басқару процестерін, бизнес-процестерді қайта құруды, нормативтік құқықтық актілер жобаларының цифрландыру талаптарына сәйкестігін сүйемелдейтін әдістемелік және үйлестіруші институт ретінде жұмыс істейді.