14.05.2026

Сипаттамасыз суреттер: Қазақстан Республикасы Президенті Архивінде цифрлық фотолар мәселесі көтерілді

Фотосуреттер де құжаттар мен қолжазбалар секілді тарихты сақтайды. Дегенмен бүгінгі күні архив мамандары өткен жылдардағы көптеген цифрлық фотосуреттердің сипаттамасыз, күні мен ондағы адамдар туралы мәліметсіз архивке өткізілетінін айтып отыр. Осы мәселе Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің өңірлік архивтер және ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті өкілдерімен өткен екінші MeetUp-кездесуінде талқыланды.

«Цифрлық фотоқұжаттардың құндылығына сараптама жасау нәтижелерін рәсімдеу» тақырыбындағы кездесуге еліміздің әр өңірінен 80-нен астам архив маманы қатысты. Кездесуді ашқан Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры Әлия Мұстафина мұндай алаңдардың басты мақсаты – архив саласындағы өзекті мәселелерді бірге талқылап, тәжірибе алмасу және ортақ шешімдер іздеу екенін айтты. Оның сөзінше, қазіргі уақытта цифрлық фотоқұжаттармен жұмыс архив саласындағы маңызды бағыттардың біріне айналып отыр.

Кездесу барысында қатысушылар 2000 жылдары түсірілген көптеген цифрлық фотосуреттердің ешқандай сипаттамасыз сақталғанын атап өтті. Сол кезеңде суреттер көбіне қызметкерлердің жеке құрылғыларында сақталып, оларға ортақ талаппен сипаттама берілмеген. Соның салдарынан уақыт өте келе кей материалдардың қай жерде және қашан түсірілгенін, авторын анықтау қиынға соғуда.

Архив мамандары цифрлық технологиялардың дамуына байланысты архивтерге келіп түсетін фотоқұжаттардың саны жыл сайын артып келе жатқанын да айтты. Алайда көптеген материалдар жүйеленбей және түсіндірмесіз тапсырылатындықтан, оларды сараптау жұмыстары күрделене түсуде.

Кездесу барысында қатысушылар MeetUp форматы архив саласы мамандары үшін ашық диалог алаңына айналғанын атап өтті. Мамандар Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің өкілдеріне өз сұрақтарын тікелей қойып, тәжірибелік мәселелер бойынша пікір алмасты. Жиын қорытындысында Комитет төрағасының орынбасары Гүлзира Қарсақбаева көтерілген мәселелер мен ұсыныстар назардан тыс қалмайтынын және олар министрлік аясында қарастырылатынын жеткізді.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Президенті Архиві архив ісінің өзекті мәселелеріне арналған оқыту семинарлары мен кездесулерді тұрақты түрде өткізіп келеді. Бұған дейін өткен алғашқы MeetUp-кездесу «Е-архив» жүйесіндегі құжаттардың құндылығына сараптама жасау тақырыбына арналды. Оған 100-ден астам архив маманы қатысқан болатын. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.