15.07.2025

Тарихты сақтау: Архивтік құжаттар қалай жүйеленеді

Құжаттар қалай жүйеленеді? Қай құжаттар жойылады, ал қайсысы тарихи маңызы зор құнды материал ретінде сақталады? Бұл туралы «Архив мамандары» айдарының бүгінгі кейіпкері Аружан Гусманова айтып береді. Жас маман Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің Архив қорларын ұйымдастыру және сараптау қызметінде жұмыс істейді.

Архив қорларын ұйымдастыру және сараптау қызметі көзге көрінбейтін, бірақ ел тарихын жүйелеп, сақтап жүрген мамандардың күнделікті еңбегі. Олар ондаған ведомстволық архивтердің жұмысын үйлестіреді, құжаттардың сақталу мерзімін анықтайды, мекемелерге кеңес беріп, мамандарды оқытады. Сол жұмыстың нәтижесінде еліміздің өткені жоғалмай, ұрпақтарға жалғасады.

«Біздің қызметіміз Президент құжаттарынан бастап, саяси және қоғам қайраткерлерінің жеке архивтеріне дейін мемлекеттің бүкіл тарихын жинақтаумен айналысады. Біз қағаз және электронды құжаттарды, аудио және бейнематериалдарды – тарихи-мәдени маңызы бар барлық деректерді жүйелі түрде іріктейміз», - деді екінші санаттағы архивші А. Гусманова.

Аружан Гусманова 2023 жылдан бері ҚР Президентінің Архивінде еңбек етіп келеді. Алғашқы күннен бастап жауапкершілік пен жүйелілік талап ететін жұмыстарға араласқан. Архив қызметі тек сақтау ғана емес, ол сонымен қатар құжаттардың құндылығын сараптау, мекемелерді әдістемелік тұрғыда қолдау, құжат айналымы бойынша оқыту, сараптамалық комиссияларда қорларды қарау, қажетсіз деректерді азайту арқылы архивтің тиімділігін арттыру сынды міндеттерді де қамтиды.

Архив қорларын сараптау архив ісіндегі іргелі жұмыстың бірі. Құжаттың қоғам мен мемлекет үшін маңызын анықтау, жүйеге келтіру, зерттеушілерге қолжетімді ету сияқты қызметтер бәрі осы сатыда жүзеге асады. Аружанның айтуынша, архивші болу тек мамандық емес, ел жадын сақтауға қосып жатқан үлкен үлесі деп біледі.

«Архив – ұрпақ сабақтастығын жалғастыратын алтын көпір. Дұрыс сипатталған әр құжат, нақты көрсетілген әр күн мен атау болашақта қажет болатын, уақыт өткен сайын құны артатын мұра. Мен күнделікті атқаратын қызметім өзіме ұнайды, себебі осы жұмысым арқылы еліміздің тарихын сақтауға үлес қосып жүрмін», - деді А.Гусманова.

Аружан еңбек ететін бұл бөлім осы жылы алты ұйымға барып, архивтік жағдайды зерттеді, сараптау комиссиясында 50-ден астам архивтік тізім мен сипаттаманы қарады, бес семинар өткізіп, мемлекеттік органдардан 243 маманды оқытты.

Сондай-ақ биыл архившілердің қажырлы еңбегі арқасында белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың жеке қоры ашылды. Әрбір осындай қор тарихи анықтамасы мен сипаттамасы бар, арнайы нөмірмен тіркелген құнды мұра. Бұл құжаттар арқылы тұтас дәуірдің тынысы қайта тіріліп, келешек ұрпаққа аманат етіледі.