07.03.2025

Тарихта таңба қалдырған қазақ әйелдері

Әйелдер ерлермен тең дәрежеде білім алып, мемлекеттің дамуына маңызды үлес қосып келеді. Олар әр түрлі салаларда еңбек етіп, үлкен жетістіктерге жетуде. Ғалымдар, спортшылар, әскерилер, депутаттар және басқа да танымал мамандар қоғамның дамуына өз үлестерін қосқаны жасырын емес. 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында еліміздің саяси тарихында ерекше орын алатын нәзік жандылар туралы айтуды жөн санадық. Солардың бірі – Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы елшісі, еліміздің тарихындағы алғашқы әйел-елші, Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Қазақстан Республикасының алғашқы Тұрақты өкілі сияқты беделді қызметтерді атқарған Ақмарал Хайдарқызы Арыстанбекова. Ақмарал Хайдарқызы 30 жылдан астам уақыт халықаралық қатынастар саласында қажырлы еңбек еткен қайраткер. Оның ҚР Президентінің Архивінде мемлекеттік сақтаудағы жеке қор құжаттары қатарында оның өмірбаяндық құжаттары, ғылыми еңбектері, комсомолдағы қызметтерін айқындайтын және қоғамдық жұмысының құжаттары, БҰҰ қызмет еткен кездердегі фотосуреттері, сөйлеген сөздері мен ғылыми мақалалары мен монографиялары және 1978 жылы толтырған өмірбаяны бар. «Мен 1948 жылы 12 мамырда Алматы қаласында қызметкердің отбасында дүниеге келдім. Ұлтым – қазақ. 1963 жылы комсомол қатарына қабылдандым. 1966 жылы Алматы қаласындағы №39 орта мектепті алтын медальмен бітіріп, С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің химия факультетіне оқуға түстім», - делінген құжатта. Ақмарал Арыстанбекованың отандық дипломатияға сіңірген еңбегі, талай мінберде тайсалмай сөз сөйлеп, ел мүддесі үшін аянбай еткен еңбегі бәріне үлгі. Ол жас дипломаттарға тәлімгер болып, жаңа буынға білімі мен тәжірибесін беруде.

Сонымен қатар, Президент Архивінде 1954 жылдан бастап 6 рет Қазақ КСР Жоғары Кенесінің депутаты, Алматы облыстық өндірістік атқару комитетінің төрайымы, Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары, Қазақ КСР Әлеуметтік қамсыздандыру министрі қызметтерін атқарған Зәуре Сәдуақасқызы Омарованың құжаттары сақтаулы. Зәуре Сәдуақасқызы 1924 жылы Жезқазған облысы (қазіргі Ұлытау облысы) Жезді ауданы Дүйсембай ауылында жұмысшы отбасында дүниеге келген. Революцияға дейін әке-шешесі мал шаруашылығымен айналысса, кейін әкесі қазір «Қазақмыс» корпорациясына қарасты Қарсақпай мыс қорыту зауытына жұмысқа орналасады. Оның құжаттарынан құралған жеке тектік қорында мемлекеттік және қоғамдық қызметіндегі жолындағы маңызды құжаттар, хаттары, баяндамалары мен фотосуреттері бар. Мәселен, «Днепропетровск тау-кен институты» дипломы, № 612 және 70 депутаттық билеттері, Қапшағай ГЭС-ның құрылысы жобасын талқылау сәтіндегі фотосуретті көруге болады. Омарова облыстық атқару комитетінде жұмыс істеген жылдары Үшарал мен Ақсуда қант зауыттарын, Үштөбе қаласында ет комбинатын салуға, сондай-ақ Талдықорған қаласындағы қалалық кәріз жүйесін дамытуға көп көңіл бөлгенін айта кеткен жөн. Зейнеткерлікке шығуға аз уақыт қалғанда Зәуре Сәдуақасқызы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.А.Қонаевпен «Ардагер» еңбек ардагерлері мен мүгедектеріне арналған республикалық интернат үйін салу мәселесін келіскен болатын. Ол 2008 жылы 29 қазанда 84 жасында дүниеден өтті. Еліміздің дамуына үлес қосқан Ақмарал Хайдарқызы, Зәуре Сәдуақасқызы сияқты әйелдер қауымының қоғамда сіңірген еңбегі мен қосқан үлесі ұмытылмауы тиіс. Мереке күні барша әйелдерді көктемнің шуақты мерекесі – 8 Наурыз халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Сіздерге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, бақ-береке тілейміз! Әр күндеріңіз қуаныш пен махаббатқа, жылулық пен мейірімге толы болсын!