04.02.2026

Тарих сабағы Архив қабырғасында жалғасты

Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві 2026 жылы «АрхивSPACE» білім беру жобасы аясында мектеп оқушыларының сегізінші легін қабылдады. Бұл жолы архив жұмысының қыр-сырын білу үшін №75 мектеп-гимназияның оқушылары келді.

Оқушылар архив жұмысының негізгі бағыттарымен танысып қана қоймай, тарихи құжаттарды қалпына келтіру жүргізілетін зертхананың жұмысын өз көздерімен көрді. 8-сынып оқушысы Рамазан Сапарбайдың айтуынша, Архивтегі әрбір бөлім мазмұнды әрі қызықты ұйымдастырылған.

«Архивтегі экскурсия өте қызық болды. Ескі құжаттардың қалай қалпына келтірілетінін өз көзіммен көрдім. Архившілер құжаттар туралы кең әрі нақты ақпараттар берді», - деді ол.

Жоба аясында балалар архивтің жұмысымен ғана танысып қоймай, тарихи танымын кеңейтті. Бұл жолғы экскурсия мектеп бағдарламасымен астасып жатты. Тарих пәнінің мұғалімі Эстела Абдулина бұл сапар теориялық білімді тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік бергенін атап өтті.

«Қазіргі таңда 8-сыныпта Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін тақырыбын оқып жатырмыз. Кеше ғана осы тақырыпты өткен едік, ал бүгін сол кезеңге қатысты нақты құжаттардың қалай сақталып, қалпына келтіріліп жатқанын көрдік. Бұл оқушылар үшін маңызды тәжірибе болды. Архив басшылығына мазмұнды экскурсия үшін алғысымды білдіремін», - деді ұстаз.

Еске сала кетейік, «АрхивSPACE» жобасы аясындағы экскурсиялар 2025 жылдан бері ай сайын өткізіліп келеді. Жыл басынан бері Қазақстан Республикасы Президентінің Архивіне елордалық алты мектептен 189 оқушы келіп үлгерді. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады.