23.01.2026
Төтенше жағдай кезінде құжаттарды сақтау: Қазақстан мен Жапония архившілері онлайн-семинар өткізді
Жапонияның Ұлттық архивтері Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві базасында архивтік құжаттарды төтенше жағдайлар кезінде сақтау мәселесіне арналған онлайн-семинар өткізді. Оған Президент Архивінің 70-тен астам қызметкері қатысты. Спикерлер қатарында АҚШ, Жапония, Филиппин және Индонезия елдерінің жетекші сарапшылары болды.
«Архивтік материалдарды сақтау және төтенше жағдайларға дайындық» тақырыбындағы семинар екі мекеме арасындағы ынтымақтастық туралы 2025 жылғы желтоқсанда қол қойылған меморандум аясында ұйымдастырылды. Жиынды Жапония Ұлттық архивтерінің аға вице-президенті Фуруя Итиро ашып, архив ісіндегі халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.
Семинарда Филиппин Ұлттық архивінің бас архившісі Реммель Дж. Талабис, Жапония Ұлттық архивінің реставрация секциясының жетекшісі Асаба Сахо, Индонезия Республикасының Ұлттық архивінің өкілі Ахмад Деди Фаози, сондай-ақ АҚШ-тағы EGL Consultants, LLC компаниясының кеңесшісі Эмили Ганье Лёмас баяндама жасады.
Іс-шара бағдарламасы екі сессиядан тұрды. Бірінші сессия архив материалдарын сақтау тәжірибесіне арналса, екіншісі табиғи апаттар мен төтенше жағдайларға архивтің дайындық мәселелерін қамтыды. Спикерлер архив ғимараттарының қауіпсіздігін арттыру, құжаттарды микрофильмдеу мен цифрландырудың артықшылықтары, сондай-ақ құжаттарды қалпына келтірудің заманауи әдістері туралы баяндады.
Мамандар микрофильмдеу мен құжаттарды цифрлық форматқа көшірудің артықшылықтары мен кемшіліктеріне тоқталып, бұл екі тәсілді қатар қолдану керек екенін атап өтті. Сонымен қатар архивтерді қорғаудың ең нәтижелі жүйесі төрт кезеңнен тұратыны айтылды: алдын алу, дайындық, әрекет ету және қалпына келтіру. Әсіресе, архив қызметкерлерінің төтенше жағдай кезіндегі жедел әрі қауіпсіз әрекет ету дағдыларын пысықтаудың маңыздылығына тоқталды.
Семинар соңында қатысушылар пікірлерін білдіріп, сұрақтар қою мүмкіндігіне ие болды. Атап айтқанда, микрофильмдеу мен цифрландыру үшін құжаттарды іріктеу, сондай-ақ архив жұмысына стандарттар мен әдістемелік ұсынымдарды енгізу мәселелері талқыланды.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві халықаралық әріптестікті дамытуға ерекше мән береді. Қазіргі таңда Архив шетелдік 20-дан астам ұйыммен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойған. Солардың ішінде Жапонияның Ұлттық архивтерімен жасалған келісімнің маңызы зор. Құжатта тәжірибе алмасу, бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру, архив саласын цифрландыру, сондай-ақ архившілер мен құжаттама саласы мамандарына арналған семинарлар, вебинарлар және конференциялар ұйымдастыру көзделген.