15.08.2024
Вера Сидорованың мерейтойы
БҰҰ қолдауымен шығарған «100 выдающихся женщин планеты Земля» атты кітабына отандасымыз Вера Васильевна Сидорованың есімі енгізілген. Оның өмір жолындағы жеткен жетістіктері мен қажырлы еңбегі туралы ауыз толтырып айтуға болады. Вера Васильевна – Социалистік Еңбек Ері, екі рет «Ленин», үш рет «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен марапатталған, «Еңбек сіңірген агроном» атағы мен басқа да мемлекеттік наградалардың иегері. Вера Васильевна Қазан ауылшаруашылығы институтын аяқтағаннан кейін комсомолдық жолдамамен Қостанай облысына тың жерлерді игеруге келеді. Еңбек жолын 1958 ж. Қостанай облысы Қарасу ауданы «Жамбыл» кеңшарында бөлімше агрономы болып бастады. Ол жастардың қоғамдық өміріне белсенді қатысып, Қарасу аудандық комсомол комитетінің, содан кейін Қостанай облыстық комсомол комитетінің хатшысы болып сайланды. Бұдан әрі партия органдарында 1988 ж. желтоқсаннан 1989 ж. 10 наурызға дейін ҚазКСР Жоғары Кеңесі Төралқасының төрағасы қызметін атқарды. Қазақстан Республикасы Президентінің Архивіне В.В. Сидорованың құжаттары 2017 ж. наурызда қабылданды. Оның еңбек жолында қалыптасқан құжаттарынан Қазақстандағы комсомол және тың қозғалысына сіңірген еңбегін, кәсіби тәжірибесі мен ұйымдастырушылық талантын аңғаруға болады. Оның жеке тектік қор құрамында ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінде, Қазақстан Республикасы ардагерлер ұйымының Орталық кеңесінде қызмет атқарған кезеңіндегі құжаттары: мемлекеттік органдарға соғыс және еңбек ардагерлерін әлеуметтік қолдау қажеттілігі туралы, Кеңес Одағы мен Социалистік Еңбек Ері үшін қосымша жеңілдіктер беру туралы хаттар, В.В. Сидорованың жұмыс жазбалары, күнделігі мен әріптестерінің естеліктері сақталған.
Сонымен қатар В.В. Сидорованың қызметік жолы туралы жазылған мақалалары жинақталған. Бұдан басқа Қостанай аудандық партия комитеттерінің, КОКП XXIV съезінің отырыстары, тың жерлерді игерудің мерейтойлық іс-шаралары, Қазақстан КП ОК пленумдары, ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің отырыстары және В.В. Сидорованың жұмыс күндері туралы деректі фильмдердің жазбалары бар. Аталған құжттармен бірге В.В. Сидорованың туғанына 70 жыл толуына орай түсірілген бейнетүсірілім де жеке қорында сақтаулы. В.В. Сидорованың Қазақстан КП ОК бірінші хатшысы Д.А. Қонаевпен, ҚазКСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Б. Әшімовпен және т. б. қызметтік фотосуреттерімен жеке қор құрамы толықтырылған. В.В.Сидорова тың игерушілердің еңбек күндері, егін жинау жұмыстарын ұйымдастырудың жаңа әдістерін енгізу, астық өндірісін дамыту және басқа да тақырыптар бойынша мақалалардың авторы. Оның «Письма из целинного края» атты мақаласында көптеген тарихи фактілер мен сол кездегі ауыл шаруашылығының жай-күйі сипатталған. 2016 ж. В. В. Сидорованың «Целина – судьба моя» атты кітабы жарық көріп, онда үлкен алқаптағы тың жерлерді игерудің қиындықтыры баяндалған. Сондай-ақ бұл кітапқа Вера Васильевна туралы әр жылдары отандық және шетелдік газеттер мен журналдарда жарияланған мақалалар енгізілген. В.В. Сидорованың жеке қор құжаттары еңбек жылдарының тарихи дереккөзі ретінде жинақталып, елдегі тың игерудің жай-жапсарын кейінгі ұрпаққа жеткізуге ат салысқан тұлғалардың бірі. Вера Васильевна Сидорова 2024 ж. 15 тамызда 90 жасқа толды. Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің ұжымы Вера Васильевнаны туған күнімен құттықтай отырып, шын жүректен зор денсаулық, ұзақ ғұмыр және баянды бақыт тілейді. Сіздің ерен еңбегіңіз болашақ ұрпақ үшін әрқашан үлгі болып қала бермек.