23.06.2026
Әскери кафедра студенттері Президент Архивінің жұмысымен танысты
Қазақстан Республикасы Президенті Архивінде Қ.Құлажанов атындағы Қазақ технология және бизнес университеті әскери кафедрасының студенттеріне танымдық экскурсия ұйымдастырылды. Барлығы 120-ға жуық білім алушы келіп, архив қызметінің қыр-сырымен танысты.
Болашақ мамандар бірнеше топқа бөлініп, көрме және оқу залдарын тамашалады. Сонымен қатар, архив зертханасын аралап, ескірген құжаттарды реставрациялау және сақтау процесін өз көздерімен көрді. Мамандар құжаттарды сақтау, цифрландыру және қалпына келтіру жұмыстарының кезеңдері туралы жан-жақты ақпарат берді.
«Президент Архивіне жасалған экскурсия маған қатты ұнады. Архивтің жаңа ғимаратта орналасқаны және құжаттардың толықтай цифрландырылғаны ерекше әсер қалдырды. Сондай-ақ ескі құжаттарды қалпына келтіру және залалсыздандыру жұмыстарын өз көзімізбен көрдік», – деді әскери кафедра студенті Тілеухан Жақсыбек.
Экскурсия барысында жастар архив қорларында сақталған бірегей құжаттармен танысып, олардың тарихи маңызы жөніндегі мәліметтерге қанық болды. Сондай-ақ студенттер архивтің қоғамдағы рөлі, ұлттық мұраны сақтау ісіндегі маңызы және заманауи технологиялардың архив саласында қолданылуы туралы сұрақтарына жауап алды.
Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві құжаттық мұраны насихаттауға және жастардың тарихи санасын қалыптастыруға ерекше көңіл бөледі. Осы мақсатта тұрақты түрде ұйымдастырылып тұратын экскурсиялар аясында биыл 1600-ден астам адам архив жұмысымен танысты.