07.12.2022

Шымкентте халықаралық конференция өтті

2022 жылдың 2 желтоқсанында Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссияның Шымкент қалалық жұмыс тобының бастамасымен ұйымдастырылған «ХХ ғасырдың І жартысындағы Оңтүстік Қазақстан өңіріндегі саяси қуғын-сүргін: жаңақазақстандық қоғам көзқарасымен зерделеу мен зерттеу» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Іс-шара Шымкент қаласы әкімдігінің, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті мен Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің қолдауымен ұйымдастырылды. Ғылыми конференцияға Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия мен өңірлік комиссия мүшелері, танымал тарихшылар мен зерттеушілер қатысып, мәселені жан-жақты талқылауға атсалысты.

Ғылыми конференцияда ҚР ҰҒА академигі М.Қойгелдиев саяси қуғын-сүргіннің қазақ жеріндегі ерекшеліктеріне көңіл бөлсе, ҚР ҰҒА академигі Х.Әбжанов Қазақстандағы қуғын-сүргіннің жалпы сипатына мән берді. Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің «ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерделеу» Орталығының жетекшісі, саяси ғылымдарының докторы Г. Нұрымбетова қатысып, саяси қуғын-сүргін ақиқатын ашуда архив құжаттарының маңызы зор екенін баса айтты.
Конференцияда талқыланған мәселелер саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссия жұмысын тиімдендіруге үлес қосары сөзсіз.