19.02.2025
SCEaR ЮНЕСКО ақпараттық бюллетенінде Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры Ә.Қ. Мұстафинаның мақаласы жарық көрді
2024 жылғы қазан айында «Халықаралық түсіністік пен ынтымақтастық тоғысында» тақырыбында өткен ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» халықаралық конференциясына Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің делегациясы қатысып, Архив директоры Ә.Қ. Мұстафина отандық және шетелдік серіктестермен бірлесіп жүзеге асырылатын жастарға арналған ғылыми-білім беру жобаларын ұйымдастыру мен өткізудің тәжірибесімен бөліскен еді. Конференция қорытындысы бойынша SCEaR ЮНЕСКО электрондық бюллетенінде т.ғ.к. Ә.Қ. Мұстафинаның «Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің жастарға арналған жобалары: тәжірибе, жетістіктер және перспективалар» атты мақаласы жарияланды. Мақалада Президент Архиві бастамашы болған Жас архившілердің жазғы мектебі, архивтану және құжаттану бойынша олимпиада, «Менің отбасымның тарихы архив құжаттарында» мектептік байқауы, «Жас архивші» және тағы басқа іс-шаралар туралы ақпарат берілген. ЮНЕСКО-ның Білім беру және зерттеу жөніндегі кіші комитетінің (Sub-Committee on Education and Research – SCEaR) төрағасы Лотар Джордан бұл шығарылымда «...әр отбасының өз архиві болуы керек» деген ұранды ұстанғанын атап өтті. Сонымен қатар, ол мектеп оқушыларының оқу-зерттеу жұмыстары байқауының жастар бастамаларында маңызды рөл атқаратынын және оның «Әлем жады» бағдарламасы аясында халықаралық деңгейде қолданылуы тиіс екенін жеткізді.
SCEaR ақпараттық бюллетені – ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» бағдарламасының Халықаралық консультативтік комитетінің Білім беру және зерттеу жөніндегі кіші комитетінің басылымы. SCEaR құжаттық мұраны сақтау мен қолжетімділікті қамтамасыз етуге байланысты білім беру, оқыту және зерттеу жұмыстарына қолдау көрсетуге бағытталған. Бюллетень «Әлем жады» бағдарламасына қатысты білім беру және зерттеу бастамалары туралы жаңалықтарды, семинарлар, конференциялар және оқу бағдарламалары туралы есептерді, құжаттық мұраны сақтау мен қолжетімділігі жөніндегі мақалаларды, сондай-ақ осы бағдарламаның жобаларымен айналысатын сарапшылардың материалдарын қамтиды. Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінің жыл сайынғы байқаулары мен оларға қатысу жолдары туралы көбірек білу үшін біздің жаңалықтарымызды бақылап отырыңыз. SCEaR ақпараттық бюллетенінің соңғы және бұрынғы сандарын ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» бағдарламасының IAC бөлімінен және ЮНЕСКО-ның Цифрлық кітапханасынан табуға болады.