26.11.2024

Сарапшылар ТМД гуманитарлық кеңістігінің бірыңғай бағдарламасын талқылады

26 қарашада Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетінде жоғары оқу орындарының гуманитарлық ынтымақтастығына арналған ТМД базалық ұйымдарының кеңесі өтті. Жиында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының бірыңғай білім беру кеңістігін қалыптастырудың мемлекетаралық бағдарламасы аясында 2025-2030 жылдарға арналған өзара іс-қимылды дамытуға басты назар аударылды. Кеңес жұмысын Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетінің Ғылым жөніндегі басшысы, академик Е.И. Пивовар ашып, ол ТМД базалық ұйымдарының өткізілген Үйлестіру іс-шараларының қорытындысын баяндады, сонымен қатар бірлескен білім беру бастамаларының сабақтастығы жайында сөз қозғап, оны одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтті.

Жиынға Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің Қолданбалы және ғылыми жобалар орталығының басшысы Қ.Ш. Әлімғазинов қатысып, ҚР Президенті Архиві мен Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетінің ортақ жобалары жөнінде айтты. Ең маңызды бастамалардың қатарында әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті мен Ресей мемлекеттік гуманитарлық университеті бірлесе ұйымдастыратын Жас архившілердің жазғы мектебін мысалға келтірді. Сегіз жылдан бері өткізіліп келе жатқан жоба ТМД елдерінің 1000-нан астам жас архив мамандарының кәсіби дамуына септігін тигізді. Кеңес ТМД білім беру құрылымдарының интеграциялық әлеуетін дамытудағы маңызды қадам болды. Оның қорытындысы 2025-2030 жылдарға арналған жаңартылған бағдарлама шеңберінде академиялық ынтымақтастықты нығайтудың, тәжірибе алмасудың және бірлесіп жұмыс істеудің маңыздылығы атап өтілді.