21.05.2024

«Сәкен Сейфуллин архив құжаттарында» көрмесі өтті

2024 жылғы 21 мамырда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандары – ел есінде» тақырыбында кездесу өтті. Шараға осы тақырыпты зерттеп жүрген мамандармен қатар студенттер, оқушылар қатысты. Кездесуге Архивтің ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерделеу орталығының басшысы Г.Р. Нұрымбетова қатысып, «Саяси қуғын-сүргін мәселесін зерттеудің жаңа мүмкіндіктері» тақырыбында баяндама жасады. Іс-шара аясында Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, ақын, жазушы, драматург, мемлекеттік қайраткер, кейін репрессия құрбаны болған Сәкен Сейфуллиннің (1894-1938 жж.) өмір жолына арналған көрме ұйымдастырды.

«Сәкен Сейфуллин архив құжаттарында» тарихи-құжаттық көрмесінде Президент Архивінің қорынан алынған архивтік мәліметтер қойылды. С.Сейфуллиннің Омбы мұғалімдер семинариясын бітіру туралы куәлігі, ақынға берілген мінездеме, ҚАКСР Халкомкеңесінің төрағасы С.Сейфуллиннің іс жүргізудің қазақ тілінде орындалуы туралы хаты, мемлекеттік қауіпсіздік басқармасының С.Сейфуллинді тұтқындау бойынша анықтамасы, оны айыптау қорытындысы, ату жазасына кесу туралы үкімі, үкімнің орындалғаны туралы анықтама сияқты құжаттар және фотосуреттері ұсынылды.