02.04.2026

Роботтар мен жасанды интеллект архив жұмысын қалай өзгертеді

Роботтар реставрация жасап, жасанды интеллект ақпарат іздейтін күн алыс емес. Алдағы уақытта архивтер қалай өзгереді және бұл реформалар не үшін қажет? Осы және өзге де өзекті сұрақтар 1-2 сәуір күндері ҚР Президентінің Архивінде өткен форсайт-сессияның негізгі тақырыбына айналды.

«Архив ісін дамытудағы форсайт-жоспарлау» тақырыбындағы ауқымды сессияның модераторы халықаралық тәжірибесі бар форсайт-сарапшы Олег Мецик болды. Екі күн бойы Архив мамандары саланың болашағын пайымдау бағытында жұмыс істеді.

Ең көп талқыланған бастамалардың қатарында құжаттарды реставрациялау үшін роботтандырылған технологияларды қолдану, ақпаратты іздеу мен талдауда жасанды интеллектіні пайдалану, мәтіндерді тану, компьютерлік көру технологияларын енгізу, сондай-ақ жұмыс процестерін автоматтандыру мәселелері болды.

«Маған ерекше әсер еткен идея - құжаттарды қалпына келтіру үшін роботтарды қолдану болды. Бұл маңызды технологиялық әрі ғылыми міндеттердің біріне айналуы мүмкін. Архивтерде реставрацияны қажет ететін ескі құжаттар өте көп. Егер бұл жұмысты роботтар атқарса, біз бұл мәселені шешуді айтарлықтай жеделдетер еді. Сонымен қатар, архив ісін фейк ақпаратқа қарсы құрал ретінде дамыту идеясы да тамаша. Архив -тексерілген әрі шынайы ақпарат көзі. Сондықтан ол медиа кеңістіктегі жалған мәліметтермен күресте қуатты құралға айнала алады», - деп атап өтті Олег Мецик.

Сессия қорытындысы бойынша қатысушылар архив ісін дамытудың негізгі бағыттарын айқындады:

  • Цифрландыруды жеделдету;
  • Заманауи технологияларды енгізу;
  • Архившілердің IT-құзыреттілігін дамыту;
  • Архив деректерін пайдаланушылар аудиториясын кеңейту.

Айта кетейік, ҚР Президентінің Архиві бүгінде 2030 жылға дейінгі цифрлық трансформация стратегиясын жүзеге асыруда. Ол архив қызметіне цифрлық технологияларды енгізуді, жасанды интеллект негізіндегі талдау құралдарын дамытуды және пайдаланушылар үшін цифрлық сервистер құруды көздейді. Мәселен, 2025 жылдан бастап 50-ден астам қызметкер цифрландыру, процестерді реинжинирингтеу және жасанды интеллект салалары бойынша біліктілігін арттырды.

Өткен форсайт-сессия архив саласын түбегейлі жаңғыртуға мүмкіндік берді. Негізгі мақсат - технологиясы озық, халыққа ашық әрі қолжетімді архив жүйесін құру.