24.10.2025

Республика күніне орай мемлекеттік марапаттар табысталды

2025 жылғы 24 қазанда Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде Республика күніне арналған салтанатты жиын өтті. Егемен еліміздің басты мерекесі қарсаңында Архив қызметкерлері мемлекетіміздің дамуына қосқан үлестері үшін марапатталды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 21 қазандағы Жарлығымен мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан елеулі үлесі үшін «Құрмет» орденімен ҚР Президенті Архиві директорының орынбасары Роза Карибжанова наградталды.

«Ерен еңбегі үшін» медалімен ҚР Президенті Архиві директорының орынбасары Бақытхан Шайлазымов, Цифрлық технологиялар және инновациялар қызметінің басшысы Құралай Қабарова, Білім беру жобалары және халықаралық ынтымақтастық орталығының басшысы Мұхаммед Жылгелдинов марапатталды.

Мемлекеттік марапаттарды Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Жалпы бөлімінің меңгерушісі Ербол Адаев табыстады.

Архив директоры Әлия Мұстафина қызметкерлерді мерекемен құттықтап, мемлекетіміздің дамуына әрқайсымыз жауапты екенімізді атап өтті.

«Биыл бұл игілікті мерекені біз Архивіміздің жаңа ғимаратында алғаш рет атап өтіп отырмыз. Бұл – барлығымыз үшін зор қуаныш әрі үлкен жауапкершілік. Президент Архивінің қорларында тәуелсіздіктің бастауында тұрған аса маңызды тарихи құжаттар сақтаулы. Біздің парызымыз – ұлт тарихының аманатын көздің қарашығындай сақтап, оны келер ұрпаққа мұра етіп қалдыру. Бүгінде алдымызда Мемлекет басшысы қойған үлкен мақсаттар мен міндеттер тұр. Сол міндеттерді жүзеге асыру жолында әрқайсымыз өзімізге жүктелген жауапкершілікті терең сезініп, еліміздің дамуына және архив саласының өркендеуіне өз үлесімізді қосуымыз қажет», – деді ол.

Айта кетейік, ұлттық мереке аясында Архив бірқатар мәдени және танымдық шара ұйымдастырды. Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның 35 жылдығына орай Архивте оқушыларға арнайы экскурсия өтіп, тәуелсіздіктің қалыптасу кезеңі мен Декларацияның қабылдану тарихын баяндайтын құжаттармен таныстырды. Сонымен қатар Алматы қаласында «Егемендікке жол ашқан тарихи құжат» атты көрмені ұсынды.