09.10.2026
Республика күні қарсаңында оқушылар архив құжаттарымен танысты
Осы аптада «АрхивSPACE» білім беру жобасы аясында Астана мен Алматы қалаларының 42 оқушысы Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві мен оның Алматыдағы филиалында болды. Республика күні қарсаңында ұйымдастырылған кездесулер барысында оқушылар еліміздің тарихына қатысты архив құжаттарымен танысып, тарихи деректердің өткенді танудағы маңызын білді.
Архивке елордалық № 15 мектеп-лицейінің 8-сыныбында оқитын 17 оқушы және Алматы қаласындағы № 152 мектеп-гимназиясының 9-сыныбында оқитын 25 оқушы келді. Олар оқу залдарының жұмысымен танысып, зерттеушілердің архив құжаттарымен қалай жұмыс істейтінін ұқты.
Көрме залдарында оқушыларға Қазақстанның қалыптасуы мен тәуелсіз мемлекет ретінде дамуын бейнелейтін ХХ ғасырдағы құжаттар таныстырылды. Архив қызметкерлері Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның қабылдану тарихы мен ел үшін маңызын түсіндіріп, сол кезеңге қатысты тарихи материалдарды көрсетті.
Оқушылар архив құжаттарының сақталуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарын да көзден өткізді. Астанада олар реставрация және консервация зертханасын аралап, тарихи құжаттарды қалпына келтіру және сақтаудың заманауи әдістері туралы білді. Алматы филиалында мамандар микрофильмдеу және құжаттарды түптеу жұмыстарын көрсетті. Оқушылар құнды тарихи деректерді сақтап, келер ұрпаққа жеткізу жолында атқарылатын жұмыстардан хабардар болды.
«АрхивSPACE» білім беру жобасы Астана мен Алматы қалаларында орта және жоғары сынып оқушыларына арналып ұйымдастырылады. Жобаның мақсаты – оқушылардың зерттеушілік дағдыларын дамыту, тарихи құжаттарға қызығушылығын арттыру және архив деректері арқылы ел тарихын тереңірек таныту. Өткен оқу жылында «АрхивSPACE» жобасына 1,5 мыңнан астам оқушы қатысты.