23.10.2025
Республика күні: Архивте оқушылар тарихи құжаттың қабылдану тарихымен танысты
Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде 25 қазан – Республика күніне орай Астана қаласының оқушыларына арналған тарихи-танымдық іс-шара ұйымдастырылды. Шараға Жамбыл Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназия, №5 гимназия және Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледжден 97 оқушы қатысты. Олар тәуелсіздіктің қалыптасу кезеңі мен Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияның қабылдану тарихын баяндайтын құжаттармен танысты.
Іс-шара «АрхивSPACE» жобасы аясында өткізіліп, жоғары сынып оқушыларының архив ісіне, ұлттық тарихқа деген қызығушылығын арттыруды мақсат етті.
Жиынның ашылуында Президент Архивінің директоры Әлия Мұстафина қатысушыларды ұлттық мерекемен құттықтап, жастарды ұлттық тарих пен мұраға құрметпен қарауға шақырды.
«Осыдан 35 жыл бұрын еліміз тәуелсіз ел болуға деген асқақ арманын алғаш рет ресми түрде жариялады. Қазақстанның Мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияда еліміздің егемен болашағы айқындалып, мемлекет ретінде қалыптасудың жаңа кезеңіне қадам басылды. Бұл тарихи оқиға халқымыздың санасында терең із қалдырып, тәуелсіздіктің негізін қалады. Тәуелсіздік жолындағы маңызды шешімдер мен ел тағдырын айқындаған сәттерге қатысты құжаттар бүгінде Президент Архивінде сақтаулы. Олардың біразымен бүгінгі экскурсия барасында таныса аласыздар. Іс-шарадан алған әсерлеріңіз сіздердің білімге деген құштарлықтарыңызды арттырып, болашақта ел тарихын құрметтейтін, ұлттық мұраға жанашыр азамат болып қалыптасуларыңызға жол ашады деп ойлаймын», – деді директор.
Іс-шара аясында оқушылар Архив қызметімен жан-жақты танысып, жаңа ғимаратты аралады. Сонымен қатар тарихи кезеңдерді бейнелейтін, Декларацияның 35 жылдығына және Конституцияның 30 жылдығына арналған құжаттық көрмемен танысты.
Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледж оқушысы Ельдар Караманов Декларация жайлы тың деректер білгенін атап өтті.
«Республика күніне орай ұйымдастырылған бұл іс-шара маған қатты ұнады. Архивке келіп, еліміздің тарихы туралы көптеген ақпарат білдік. Әсіресе, тәуелсіздікке алғашқы қадам саналған Декларацияның қабылдану кезеңі қызық болды. 6 сағат бойы оның әр тармағын жеке түсіндіріп, талқылау болған екен», - деді ол.
Экскурсия соңында оқушылар арасында алған білімдері бойынша зияткерлік ойын ұйымдастырылып, жеңімпаздарға кітаптар табыс етілді.
Жоба аясында алдағы уақытта апталық экскурсиялар мен 2026 жылдан бастап архив саласына арналған модульдік сабақтар өткізу жоспарлануда.