01.07.2026

ҚР Президентінің Архивінде Конституцияға қатысты тарихи құжаттар көрмесі өтті

Жаңа Конституцияның күшіне енуіне орай Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві Астана және Алматы қалаларында құжаттар көрмесін өткізді. Іс-шараға қатысқан оқушылар мен студенттер Қазақстанның мемлекеттік және құқықтық жүйесінің қалыптасуын көрсететін тарихи құжаттармен танысып, жаңа Ата заңның қоғам дамуындағы орны мен маңызы туралы мағлұмат алды.

Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры Әлия Мұстафина бұл көрменің жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруда және ел тарихына деген жауапкершілік сезімін арттыруда айрықша рөл атқаратынын атап өтті.

«Осындай тарихи сәтте бұл залда студенттер мен мектеп оқушыларының жиналуы – кездейсоқ емес. Себебі жаңа Ата заңымыз сіздерді, яғни жастарды еліміздің стратегиялық капиталы ретінде айқындайды. Білім, ғылым, инновация және жасампаз еңбек – Қазақстанның өркендеуінің басты негізі. Сондықтан дәл сіздер – еліміздің ертеңін қалыптастыратын жасампаз ұрпақсыздар», - деді Әлия Мұстафина.

Іс-шара барысында қатысушылар Қазақстанның құқықтық жүйесінің тарихи эволюциясымен танысып, Конституциялық және парламенттік реформалардың маңызы туралы ақпарат алды.

Қазақ халқының тарихындағы Ата заңдар мен олардың негізгі қағидаттары туралы тұшымды баяндама жасаған ҚР Президенті Архивінің Ғылыми және қолданбалы зерттеулер орталығы перспективалық зерттеулер секторының меңгерушісі, заң ғылымдарының докторы Шолпан Тілепина жаңа Конституцияның негізгі қағидаттары ретінде әділеттілік, заң үстемдігі, адам капиталының стратегиялық маңызы, цифрлық құқықтар, экологиялық жауапкершілік пен болашақ ұрпақ алдындағы міндеттер бекітілгенін ерекше атап өтті.

«Қазақстан Конституциясы – дамып отыратын жүйе. Ол цифрлық дәуірдің сын-қатерлеріне жауап бере отырып, қоғаммен бірге өзгереді, бірақ оның өзегі өзгеріссіз қалады: адамға қызмет ету, бостандықты қорғау және Отанымыздың тәуелсіздігін нығайту. Заңның маңызды жаңалықтарының бірі ретінде адам капиталын мемлекеттің стратегиялық ресурсы ретінде бекіту болып саналады», - деді Шолпан Тілепина.

Іс-шара соңында оқушылар мен студенттер викториналық ойынға қатысып, Қазақстанның Ата заңдарына қатысты сұрақтарға жауап берді. Бұл кезең қатысушылардың алған білімдерін бекітіп, олардың құқықтық сауаттылығын арттыруға ықпал етті.