ҚР Президентінің Архиві қырғызстандық әріптестермен арадағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады

Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде директор Әлия Мұстафина мен Қырғыз Республикасы Президенті Архивінің делегациясы кездесті. Тараптар екі мекеме арасындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.

Кездесуге Қырғыз Республикасы Президенті Архивінің меңгерушісі Салиман Малдыбаева мен Аудиовизуалды құжаттар және ақпараттық технологиялар бөлімінің меңгерушісі Анара Тазабекова келді. Талқылауға Қырғыз Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Құдайберген Базарбаев та қатысты.

Тараптар кәсіби байланысты одан әрі дамыту және тәжірибе алмасу мүмкіндіктеріне баса назар аударды. Қырғыз тарапы өз мамандарының Қазақстан Республикасы Президенті Архиві ұйымдастыратын семинарларға, кәсіби кездесулерге және басқа да іс-шараларға, соның ішінде Жас архившілердің халықаралық Жазғы мектебіне қатысуға қызығушылық білдірді.

Ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарының бірі – архив қызметін цифрландыру саласы бойынша тәжірибе алмасу. Тараптар электрондық архивтерді дамыту, цифрлық ақпаратты ұзақ мерзімге сақтау және заманауи IT-шешімдерді пайдалану тәсілдері жөнінде пікір алмасты.

«Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві Қырғыз Республикасындағы архив мекемелерімен көп жылдан бері кәсіби байланыс орнатып келеді. Біздің ынтымақтастығымыз ең алдымен кәсіби тәжірибе алмасу бағытында даму үстінде. Бүгінгі кездесудің біз үшін маңызы ерекше, өйткені Қырғыз Республикасы Президенті Архиві делегациясы бізге алғаш рет келіп тұр. Біздің мекемелердің алдында тұрған міндеттер ұқсас. Сондықтан әріптестерімізбен тікелей танысып, жұмысымызды көрсетіп, алдағы ынтымақтастықтың ықтимал бағыттарын талқылауға мүмкіндік туғанына қуаныштымыз», — деді Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры Әлия Мұстафина.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар кәсіби байланыстарды одан әрі дамытуға, тәжірибе алмасуға және архив ісі саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделі екенін растады.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің Қырғызстандағы архив мекемелерімен өзара байланысының көпжылдық тарихы бар. 2008 жылы Қырғыз Республикасының Орталық мемлекеттік саяси құжаттама архивімен ынтымақтастық туралы келісімшарт жасалды. 2017 жылдан бері Қырғызстанның 70-тен астам маманы Жас архившілердің халықаралық Жазғы мектебіне қатысты. Одан бөлек, 2026 жылы Қырғыз Республикасы Архив қызметінің делегациясы Астанада өткен «Digital Archive EXPO» III Архившілер конгресіне қатысты.