26.11.2026
ҚР Президентінің Архиві Түркістанда Тәуелсіздік күніне арналған көрмені ұсынды
Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылдануынан бастап конституциялық реформаға дейінгі 1990–2026 жылдар аралығын қамтитын архив құжаттары, фотосуреттер, хаттар мен газет қиындылары көрменің негізін құрады. Президент Архиві Конституциялық Сотпен бірлесіп ұйымдастырған көрме «Dialogue of cultures: диалог культур 2026» II халықаралық симпозиумы аясында өтуде.
Іс-шараға қатысушылар Мемлекеттік егемендік туралы декларациямен, оның қабылданған сәті бейнеленген фотосуреттермен, республикалық және өңірлік баспасөзде жарық көрген жарияланымдармен танысты.
Экспозицияда 1991 жылғы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңның қабылдануына қатысты құжаттар мен фотосуреттерге ерекше орын берілген.
Мемлекеттіліктің институционалдық негіздерінің қалыптасуы конституциялық құрылыс тарихына қатысты материалдар арқылы көрініс тапқан. Атап айтқанда, көрмеге 1993 жылғы Конституцияның қолжазба түзетулер мен ескертулер енгізілген жобасы, жұмыс тобы мүшелерінің фотосуреттері және Конституцияның мәтіні қойылған. Сондай-ақ ядролық қарудан бас тарту, мемлекеттік рәміздерді әзірлеу, Қарулы Күштер мен Шекара әскерлерін құру, мемлекеттік шекараны құқықтық тұрғыдан ресімдеу, ұлттық валютаны айналымға енгізу және астананы көшіру тарихына қатысты материалдар ұсынылған.
Қазақстанның әлемдік қауымдастыққа ену тарихы дипломатиялық құжаттарда көрініс тапқан. Экспонаттар қатарында Қазақстанның БҰҰ-ға мүше болуына қатысты хаттар, сондай-ақ 1992 жылғы мамырда Сыртқы істер министрінің орынбасары Қасым-Жомарт Тоқаевтың ЮНЕСКО-ның Бас директоры Федерико Майормен кездесуінен фотосурет бар.
Экспозицияны тәуелсіздіктің алғашқы жылдары мен ел дамуының қазіргі кезеңін сабақтастыратын 2019-2025 жылдардағы реформаларға және 2026 жылғы конституциялық реформаға қатысты құжаттар түйіндейді.
«Бүгінгі көрмеге қойылған әрбір архив құжаты өзіндік ерекшелігімен және тарихи құндылығымен айрықша. Солардың бірі – бұған дейін жарияланбаған, 1992 жылы Конституция жобасын талқылау жөніндегі комиссия отырысының стенограммасы. Қазақстан дамуының жаңа кезеңінде бұл материалдардың маңызы арта түсуде. Көрмеге ұсынылған құжаттар тәуелсіздігіміздің негізі қаланған кезеңнен бастап бүгінгі саяси-құқықтық реформаларға дейінгі еліміздің конституциялық даму жолын зерделеуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті ҚР Президенті Архивінің директоры.
Көрме 12 тақырыптық бөлімнен тұрады. Онда 80-нен астам архив құжаты ұсынылған.
Анықтама: Биылғы симпозиумда конституциялық даму, құқық үстемдігі, адам құқықтарын қорғау және құқықтық мәдениетті нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Іс-шараға шет мемлекеттердің конституциялық бақылау органдарының, халықаралық ұйымдар мен БҰҰ агенттіктерінің, дипломатиялық корпустың өкілдері, Құрылтай депутаттары, Президент Әкімшілігінің, мемлекеттік органдардың, ғылыми және сарапшылық қауымдастықтың, сондай-ақ азаматтық қоғамның өкілдері қатысты.